ҚР Тұңғыш Президентінің Күні

Тұңғыш Президент күні: 2 бөлім. Тұлғаның металлургтар қаласында қалыптасуы (ШОЛУ)

Эксклюзив
ҚР Тұңғыш Президентінің күні қарсаңында «Strategy2050.kz» АА Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірқатар материалдар желісін даярлады. Бүгінде Елбасы билікте ұзақ отыру бойынша рекордсмен және елін табысты басқарып отырған, сонымен қатар халқы алтыншы рет ел тізгінін қолына сеніп тапсырған Президент ретінде әлемге танымал. Арнайы даярланған материалдың екінші бөлімінде Ұлт көшбасшысының еңбек жолы туралы айтып беретін боламыз.
Нұр-Сұлтан21 Қараша , 18:54

Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.  

Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті. Онымен бірге қиындықтарға төтеп берген жолдастары Төлеген Юсупов пен Болат Кәрімов те жоғары білікті металлургтерге айналды.

Осы жылдарда оның өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Нұрсұлтан Әбішұлы кейіннен былай деп жазды: «Ал сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанында болған еді. Әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозғалысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді. Бұл бір бұлжымас тәртіп еді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы боласың ба, өзің бүлдіргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді – тәулік бойы дерлік табанымыздан тік тұрған кезіміз, тұла бойымыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жылтырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол күні қосалқы электр станциясында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім. Көп ұзамай тойымыз болды. Өзім екпінділер мен белсенділер қатарында жүргендіктен коллективіміз оны комсомол-жастар үйлену тойы етіп өткізіп берді».

Бақытты жас отбасы тез жетіліп, өсіп-өніп келе жатты, шаңырақтарында үш қыз – Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді.

Жас жұбайлардың өздері де кәсіби тұрғыдан өсе берді. Зауыттың жолдамасы бойынша Назарбаев өз цехындағы бірнеше жігітпен бірге Қарағанды политехникалық институтына түсті. Ол онда Теміртауда тұратын талапкерлерден жасақталған ЛП-62-2 (қара және түсті металл құйма өндірісі) тобына бөлінді.

Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды.

Бұл зор жауапкершілік жүктеген еді, оның ауыртпалығын көп ұзамай-ақ толық сезінді. Тек партиялық жұмыстармен ғана емес, өндіріспен, өнім шығару жоспарымен, жөндеу және құрылыс мәселелерімен, кәсіпорынды жабдықтаумен, көптеген адамның тұрмыстық, баспаналық, мәдени және отбасылық істерімен де айналысуға тура келді.

Ол комбинаттағы кемшіліктерді жасырмады, қайта олармен күресті. Нәтижесінде комбинаттағы істер оңға баса бастады, Теміртаудың өзінің де құрылысы дамып, абаттана, жақсара түсті. 

Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың игілігі үшін жұмыс істеді, сондықтан әрдайым өзін олардың қолдайтынына сенімді болды. Металлургтермен бірге ол қайнаған ыстықта жүрді, шахтерлермен бірге штольняларға түсті. Сондықтан Назарбаев үлкен лауазым иелерінің кабинеттеріне қаймықпай кіріп, әділдікке жету үшін «қара қылды қақ жарғандай» етіп шындықты ғана айтты. Ол жалаң сынаушы ғана болған жоқ, үнемі сол жерде түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. келісті Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді.


Қайрат Жандыбаев

Фото ашық дерек көзден 




Яндекс.Метрика