Рухани жаңғыру

М. Құл-Мұхаммед маңғыстаулық жастарға «Рухани жаңғырудың» негізгі міндеттері туралы айтып берді

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Маңғыстау облысына сапары барысында өңірдегі орта және жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және студенттерімен кездесті.
Маңғыстау 21 Қараша, 10:21

Ruh.kz хабарлағандай, жиында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында жастарға бағытталған мақсат-міндеттерді талқылап, маңыздылығына тоқталды.

Өз сөзінде Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы алдымызға қойып отырған міндеттердің, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызы мен мәніне назар аударды. Кездесу барысында облыстағы талантты, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген, өз істерінің нағыз майталман мамандары саналатын он жас азамат партия қатарына қабылданып, оларға партиялық билеттері салтанатты жағдайда тапсырылды.

«Олар жаңа форматтағы жобалардың бастаушысы; мемлекеттік органдарда жаңа формацияда жұмыс істеушілердің резерві; «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына өзгерту еңгізудің қозғаушы күші; республикалық және аймақтық іс-шараларды ұйымдастырушы; «Нұр Отан» партиясының саясатын белсенді жалғастырушы – нағыз қанаты. Еліміздің бұдан арғы дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Біз сіздерге осындай үлкен үміт артамыз. Ел болашағы үшін білім алып, еңбек етеді деген сенім білдіремін»,-деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Облысымыздағы ең ірі оқу орны - Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ұстаздары да жиында сөз алды. Бүгінде университет жастары облыстың білім жүйесінің дамуына үлес қосушы бірден-бір күш. Сондықтан белсенді студенттерге партия билеті салтанатты түрде тапсырылды.

Аймаққа сапарының соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облыстық активімен кездесті. Онда партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мемлекет басшысының Саяси кеңес отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде партияның алдында тұрған нақты міндеттерді атап өтті. Осыған орай, маңғыстаулық партия мүшелері алдағы уақытта кадрлардың біліктілігін арттыру, жастармен жұмысты одан әрі жандандыру, партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыру және халықты алаңдатқан өзекті мәселелердің шешілуін әрдайым назар ұстау жолында жұмыс істейтін болады.





Яндекс.Метрика