Басқару

Тұңғыш Президент күні (1 бөлім): жастық шағы (ШОЛУ)

Эксклюзив
ҚР Тұңғыш Президентінің күні қарсаңында «Strategy2050.kz» АА Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірқатар материалдар желісін даярлады. Бүгінде Елбасы билікте ұзақ отыру бойынша рекордсмен және елін табысты басқарып отырған, сонымен қатар халқы алтыншы рет ел тізгінін қолына сеніп тапсырған Президент ретінде әлемге танымал. Арнайы даярланған материалдың алғашқы бөлімінде Ұлт көшбасшысының жастық шағына саяхат жасалады.
Нұр-Сұлтан20 Қараша , 17:52

Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында дүниеге келді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келді. Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін.  Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болды.

Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді.

Үшқоңырға жер аударылған әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Ауыл арасында ән салу мен суырыпсалмалық өнерден оның алдына түсетін ешкім жоқ еді. Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық дәстүрлерге, ән-жырларға, салт-ғұрыптарға құштарлығын оятты. Әлжан Назарбаева 1977 жылы қайтыс болды.

Отбасында Сұлтан деп аталған ұланның балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Бұл соғыстағы жеңіске миллиондаған адамды құрбан еткен алып мемлекеттің айрықша күш жұмылдырғанының арқасында қол жетті. Жарымжан күйге түскен ел үйінді арасынан шығып, енді ғана еңсесін көтерді. Жеңістен кейін бірнеше жыл өткен соң КСРО «қырғи-қабақ соғыс» деп аталған, барлық ауыртпалығы қарапайым халықтың иығына түскен  жаңа мазасыз додаға қосылды. Бұл ел әлі аш-жалаңаштықтан арыла қоймаған ауыр кезең еді. Бірақ бала Нұрсұлтанның жас зердесінде сол кезеңнің қыспаққа салған қиыншылықтары ғана емес, анасының аялы алақаны мен әкесінің мейірлі жүзі де сақталып қалды. Тату отбасы, бауырлар, әке-шешесі айтқан әндер... Алатаудың әсем ақбас шыңдары, баланы еліктіретін ойындар... Оның қатарластарының бәрінің балалық шағы осылай өтті.

Нұрсұлтан өз әкесінің ешқашан қол қусырып қарап отырмағанын көріп, оған үнемі көмектесуге ұмтылды. Үйде де, бақшада да, алма бағында да әкесінің жанында болып, картоп пен алма өсіруге жәрдемдесті. Нұрсұлтан мал жайғарумен айналысты, әкесімен бірге тауға барып, шөп шапты.  

Бірде Әбіш үйге арнайы жер аударылған балқарлар отбасын ертіп келді. Назарбаевтар отбасы оларды шаңырағына паналатты, жұмысқа тұруына көмектесті. Ал Әбіш Назарбаев балқарлармен тез тіл табысып, олардың тілін үйреніп алды.

Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды, сабақты зор ынта-ықыласпен оқыды. Ол өзінің аса құштарлығын білетін ағайын-туыстары әкеп берген кітаптардың бәрін оқып шығуға жан-тәнімен кірісті.   Жас кезінде Іле Алатауының баурайында жазғы демалыс күндерінде әкесіне көмектесіп жүргенде тұңғиық жұлдызды аспан астында жанған алау маңына түнеген романтикалық сәттері де болды. Әке-шешесі осы өлкеде ежелгі заманда өмір сүрген бабалардың берік түп-тамырынан сыр шертетін салиқалы әңгімелер айтып, жан-дүниені тербейтін әндер шырқайтын. Кез келген қазақ білмеуі ұят саналатын жеті ата туралы айтылатын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қазақтың өткені мен болашағын жалғап келе жатқан халықтың осы бір ауыр, бірақ үйлесімді тіршілігінің мәңгі және аса мәнді екенін сезінетін.

Ол, әсіресе, ежелгі аңыздар мен бабалардың наным-сенімдері туралы үлкендер айтатын әңгімелерді ықыласпен тыңдайтын. Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітаптарының бірінде былай деп жазды: «Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін. Менің ата-бабаларымның бәрі де Алатау баурайында өмір сүрген».

Нұрсұлтанның балалық және жастық шағы ұзаққа созылған жоқ.  Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түсті. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарды. Ол құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінетін. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс еді. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып кете беретін. Өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын, елдің көңілінен шығып, өз ортасын тез үйіріп әкете білді.

Сол кезде оның тағы бір қыры ашылып, прагматизмге қадам басты. Теміртаудағы металлургия комбинатының құрылысына комсомолдарды жинап жатқанын білген соң, Нұрсұлтан металлург болуға бел буды. Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді.

1959 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтардың бүкілодақтық орталық кеңесі (ВЦСПС) ұйымдастырған жарыста жеңімпаз атанды. Сөйтіп, ол училище бітіргенде металлургтің қиын да күрделі мамандығын игеріп қана қоймай, Украинаның спорт шебері атанды. 

Табандылығы мен қайсарлығы өзі таңдаған мамандық бойынша барлық пәнді үздік игеруге жол ашты. Сондай-ақ, жас Назарбаев оқу бітіретін кездегі біліктілік емтихандарынан үздік баға алып, «домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы» куәлігін иеленді. 

Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.  

Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті. Онымен бірге қиындықтарға төтеп берген жолдастары Төлеген Юсупов пен Болат Кәрімов те жоғары білікті металлургтерге айналды.

Жиырма жастағы Нұрсұлтан өзінің қомақты жалақысының жартысын жас балаларының мұқтаждығына жұмсасын деп, әкесіне жолдап отырды.

Алдыңғы қатарлы жұмысшы қазақ, комсомол мүшесі ретінде Назарбаев БЛКЖО съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберіліп тұрды. Ол танымал бола бастады, өндіріс үздігі Назарбаевтың суреті орталық баспасөзде де басылды. Жас металлург жұмыстастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сондықтан ол партияға өткеннен кейін цех парторгы болып сайланды.

Осы жылдарда оның өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Нұрсұлтан Әбішұлы кейіннен былай деп жазды: «Ал сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанында болған еді. Әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозғалысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді. Бұл бір бұлжымас тәртіп еді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы боласың ба, өзің бүлдіргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді – тәулік бойы дерлік табанымыздан тік тұрған кезіміз, тұла бойымыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жылтырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол күні қосалқы электр станциясында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім. Көп ұзамай тойымыз болды. Өзім екпінділер мен белсенділер қатарында жүргендіктен коллективіміз оны комсомол-жастар үйлену тойы етіп өткізіп берді».

Бақытты жас отбасы тез жетіліп, өсіп-өніп келе жатты, шаңырақтарында үш қыз – Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді.

Жас жұбайлардың өздері де кәсіби тұрғыдан өсе берді. Зауыттың жолдамасы бойынша Назарбаев өз цехындағы бірнеше жігітпен бірге Қарағанды политехникалық институтына түсті. Ол онда Теміртауда тұратын талапкерлерден жасақталған ЛП-62-2 (қара және түсті металл құйма өндірісі) тобына бөлінді.

Ол жылдары техникалық жоғары оқу орындарында оқуды өндірістегі еңбекпен үйлестірудің сынақ-тәжірибесі өткізілетін. Бұл болашақ мамандықтың практикалық жағын игеруге септігін тигізді, алайда жұмыс істеу және сонымен бір мезгілде институтта оқу өте қиын болды. Осылайша, бұлар бірінші курсты бітіріп шықты, ал келесі екі курс өндірістен ажыраған таза студенттік кезең болды. Нағыз студенттік өмірдің барлық қажетті атрибуттары – сынақтар, сессиялар, зертханалық жұмыстар еді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев үшін тыңғылықты білім алуды одан әрі жалғастырған жылдар болды.

Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты.

Оның ізінше зайыбы Сара Алпысқызы Назарбаева да 1967 жылы «Қармет» жанындағы зауыт-втузды бітіріп, экономист дипломын алды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды. Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді. Басында ол бұл ұсынысқа онша ықылас танытқан жоқ – жалақының едәуір бөлігінен айрылуы мен «жалынды жылдарының» жалғаспай қалатыны қынжылтты. Бірақ қатаң партиялық тәртіп осыған міндеттеді. Оған қоса металлург достары да мұның басшылық жұмысқа барғанын құптады.

Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың игілігі үшін жұмыс істеді, сондықтан әрдайым өзін олардың қолдайтынына сенімді болды. Металлургтермен бірге ол қайнаған ыстықта жүрді, шахтерлермен бірге штольняларға түсті. Сондықтан Назарбаев үлкен лауазым иелерінің кабинеттеріне қаймықпай кіріп, әділдікке жету үшін «қара қылды қақ жарғандай» етіп шындықты ғана айтты. Ол жалаң сынаушы ғана болған жоқ, үнемі сол жерде түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. келісті Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді.

Сонымен бірге, оның бойында көрегендік, барлық мүмкіндікке және жаңа атаулыға деген зор ынта-ықылас сезіліп тұрды. Мұндай тәжірибелі және жігерлі мамандарға деген сұраныс елде зор болатын.  Сондықтан да 1977 жылдың өзінде ол Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, одан соң екінші хатшысы болды.

Нұрсұлтан Назарбаев 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. 1984 жылы 44 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды. Ол КСРО-дағы одақтық республикалардағы ең жас премьер еді. Бірақ өзге әріптестерімен салыстырғанда  жас екендігіне қарамастан, ол сол кездің өзінде кемеліне келген мемлекет және қоғам қайраткері болып қалыптасты. 

Өзінің жаңа қызметінің биігінен ол туған республикасының дамуында жіберілген қателік-қиғаштықтардың ауқымы мен олар тудыратын қасіретті толық сезіне алды. Ол Қазақстанның одақтық экономика үшін алып шикізат қорына айналып кеткенін көрді.

Тұтыну тауарларының 60 пайызы Қазақстанға өзге республикалардан әкелінетінін, қазақстандықтардың ең басты мұқтаждықтары бұрынғыша шикізаттық дамудың ыңғайына қарай өтелетінін аңғарды.  

Ол өзімен бірге өзгелердің де ой-санасы ашылып, бүкіл ел ояна бастағанын байқады. Әйгілі 1986 жылдың желтоқсаны Қазақстан үшін «жылымық» кезең болғандай еді, бірақ  республиканы Г.Колбин басқарған аз ғана жылда одақтық орталық өктемдік көрсетіп, қайта құрсаулап тастады. Бірақ уақыт ағынын тоқтату мүмкін емес еді. Өзгерістер пісіп-жетілді. Оқиғалар барған сайын жеделдей түсті.

КСРО-да 1989 жылғы көктемде алғашқы рет мемлекеттік биліктің ең жоғары органының баламалы негіздегі сайлауы болып өтті. Мәскеуде 1989 жылғы маусымда реформалардың қажеттігі, идеология мен экономиканың түйткілді мәселелері қызу талқыланған КСРО халық депутаттарының бірінші съезі болды. Халық депутаттарының съезі біте салысымен, Геннадий Колбин Мәскеуге жұмысқа ауыстырылды. Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитеті 1989 жылғы 22 маусымда  бірінші хатшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Оған пленумға қатысқан 158 адамның  154-і жақтап дауыс берді. 

Сол 1989 жылғы шілдеде Қарағандыда экономикалық қана емес, саяси мақсат көздеп, Семей полигонын жабу туралы талап қойған шахтерлер ереуілі басталды. Назарбаев ереуілшілердің талаптарын қолдады – ол адамдардың орталық ведомстволар монополиясына деген наразылығын жақсы түсінді. Дәл солар сияқты ол өзі де Қазақстанның экономикалық дербестігін, зардабы  зор сынақтардың тоқтатылуын қалайтын.

Демократиялық үдерістер КСРО республикаларында жаппай еңбекшілер бірлестіктерінің құрылуына алып келді. Қазақстандағы ең алғашқы және мейлінше қатары қалың қозғалыстың бірі 1989 жылы құрылған, түпкі мақсаты Семей полигонын және Қазақстан аумағындағы өзге де сынақ орындарын жабуды көздеген «Невада – Семей» экологиялық қозғалысы еді. Бұл қозғалыс та Нұрсұлтан Назарбаевтың  қуатты қолдауына ие болды. Барша қазақстандықтардан жаппай қолдау тапқан оның күш-жігері керемет табысқа жеткізді – халыққа қасірет әкелген Семей полигоны біржола жабылды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымын белгіледі. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың  Жоғарғы Кеңесі сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш президент болып  сайланды.

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика