Парламент

Меморгандардың ақпараттық жүйесі интеграцияланады

ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін интеграциялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев хабарлады.
Нұр-Сұлтан20 Қараша , 14:43

Дәурен Абаевтың айтуынша, министрлік 2016 жылы берілген анықтама санына қарай сараптама жүргізіп, қай анықтама бойынша жүктеме көп болатынын сараптады.

«Мысалы, мекен-жай анықтамасы көп сұралады. Қазіргі таңда біз меморгандардың ақпараттық жүйелерін біріктіріп, интеграциялайтын боламыз. Мәселен, мектеп директорына ата-ананың мекен-жай анықтамасы керек болды делік, бүгінде бұл анықтаманы директор азаматтың өзінен сұратып алдыртады. Ал, болашақта барлық қажетті ақпараттар мектеп үшін экранда шығып тұрады», - деп түсіндірді Д. Абаев.

Ол атап өткендей, азаматтар үшін үкімет веб порталында бір адам туралы анықтаманы үшінші тұлғаның алуы үшін арнайы механизм енгізіледі.

«Үшінші тұлға ала алатын қызмет түрін біз жасақтап жатырмыз, болашақта міндетті түрде таныстыратын боламыз», - деді министр. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР АКМ басшысы жақын арада Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне жалақы көбейтілетінін хабарлады.

Ақбота Күзекбай




Яндекс.Метрика