Халықаралық интеграция

Ержан Салтыбаев: Астана клубы ашық пікірлер алаңы

Орталық коммуникациялар қызметінде «Үлкен Еуразия-2027: Текетірес немесе әріптестік» тақырыбындағы Астана клубының үшінші отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Астана қаласы14 Қараша , 20:19

Баспасөз конференциясына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев, Астана клубының қонағы — Польшаның бұрынғы премьер-министрі, Сеймның бұрынғы спикері, Польшаның бұрынғы сыртқы істер министрі және бұрынғы әділет министрі Цимошевич Влодзимеж, БҰҰ Женева бөлімінің бас директоры аппаратының жетекшісі Давид Чикваидзе қатысты.

Астана клуб отырыстары сарапшы пікірлерінің толық анонимдігі сақталатын «Chatham house» ережесі бойынша өткізіледі. Мұндай ұстаным шынайы әрі сенімді кәсіби сұхбат құруға мүмкіндік береді, дейді спикерлер.

Клуб мүшелері алдағы онжылдықта мегаконтиненттің даму бағдарын айқындайтын негізгі трендтерді талқылады. Соның ішінде, әлемдік және аймақтық державалар мүдделерінің өзара қатынасы, ядролық фактор мен геосаяси шиеленістердің ушығуы, сауда және санкциялық текетірестер, халықаралық терроризм мен қауіпсіздік, миграция мен экология, интеграциялық үрдістер мен экономикалық серіктестік секілді тақырыптар талқылаған.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясына қатысушылар аталған мәселе бойына өз көзқарастарын да жеткізді.

«Астана өзін ең жоғары саяси деңгейдегі диалогтар өтетін жаһандық бейтарап алаң ретінде көрсете білді. Дәл осы фактор шынайы қызығушылық тудырып, жаңа қатысушыларды отырысқа тартуда. Клуб әлемнің беделді сарапшылары, саясаткерлері мен дипломаттары үшін тартымдылық орталығы болды. Оның форматы өзінің өзектілігін дәлелдеді. Сондықтан бұл жұмыс одан әрі жалғасады», - деді Ержан Салтыбаев.

 

Есбол Социалхан

 




Яндекс.Метрика