Үкімет

ҚР АКМ халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 2022 жылға дейін 83 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр

Халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 2022 жылға қарай 83 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты.
Астана қаласы14 Қараша , 12:45

Дәурен Абаев айтып өткендей, онлайн сатылымды дамыту мақсатында елде 2018-2019 жылдарға арналған электронды сауданы дамытудың Жол картасы әзірленді.

 «Министрлік  сауаттылық деңгейін 2022 жылға қарай 83 пайызға жеткізуді  жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» аясында жергілікті атқарушы органдарды оқытатын кәсіби кадрлар санын арттыру да қамтылған. Цифрлық білім бүгінгі күні барлық салада сұранысқа ие екенін ескеретін болсақ, халықтың осы бағыттағы білімін ұлғайту аса маңызды екені анық. Алайда, жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, биылғы жылы компьютерлік сауаттылыққа оқыту еліміздің тек 7 аймағында жүргізілген», - деді Д.Абаев.

Жалпы, 84 мың адам оқытылған. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес тағы 12 мың азамат білім алуы тиіс.

«Жергілікті атқарушы органдар адамдарды ескі бағдарлама бойынша оқытып жатыр. Сондықтан, мемлекеттік бағдарлама аясында жергілікті атқарушы органдар алдында адами капиталды дамыту бағыты бойынша халықты цифрлық білімнің базалық курсынан өткізу міндеті тұр», - деді министр.

«Министрлік өз кезегінде осыны іске асыру үшін бірыңғай әдістеме әзірлеуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұйрық келісу үшін Әділет министрлігінде қаралып жатыр», - деп түйіндеді сөзін Дәурен Абаев.

Сондай-ақ,  2016 жылы елдегі интернетті қолданушылар саны  76 пайызға жетті.

«Жоғары жылдамдықты желі каналдарымен  1200 жергілікті пунктті қамтамасыз ету жоспарланған. Ол халықтың  82 пайыз үлесін  2022 жылға дейін интернетпен қамтиды», - деді Д.Абаев.

Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – тұрақты экономикалық өсімді арттыру, экономика мен ұлттың   бәсекеге қабілеттігін артыру    үшін   цифрлық экожүйені дамытуға бағытталған.

Ақбота Күзекбай

 

 




Яндекс.Метрика