Үкімет

Қ.Айтуғанов: Мерзімі өткен тракторларды пайдалану жөндеу мен жанар-жағармай шығынын 20%-ға өсіреді

Мерзімі өткентракторларды жөндеу мен жанар-жағармай шығынын 20%-ға өсіреді, деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов Үкімет отырысында.
Астана қаласы 14 Қараша, 11:27

Ауыл шаруашылығы техникасының паркіне жүргізілген талдау техникаларды қолдану мерзімінің 17 жылдан асып кеткенін көрсетіп отыр.

«Көптеген техникалардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен.  Бұл ретте аталған тракторларды жөндеу мен жанар-жағармай шығыны 20%-ға өсіп, және ең бастысы жалпы жиналымның шамамен 14% немесе шамамен 200 млрд. теңгені жоғалтуға әкеліп соқтырады», - деді ол.

Оның айтуынша,  еліміздегі 20 отандық ауыл шаруашылығы техника өндірушісінің жүктемесі 30 пайыздан аспайды.

«Ал, импорт үлесі өндірістен екі есеге артық. Егер қуатты тракторлар мен комбайндар өндірісін дамыту уақытты қажет етсе, шағын механика, яғни жер өңдеу және жем дайындау техникасы бойынша жағдайды өзгерте аламыз. Олардың ғана импорты жылына 60 млн долларды құрайды», - деді Айтуғанов.

Қайрат Айтуғановтың айтуынша, карта аясында отандық техникаға ставкасы 5 пайыздан аспайтын жеңілдікпен несие беру бағдарламасын енгізу қарастырылған.

 «Жалпы алғанда, 2021 жылға дейін жеңілдікпен несие беруге 217 млрд теңге қажет болады. Қаржының қайтарылуы есебінен ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңартылуының оңтайлы деңгейін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Жалпы, Қ.Айтуғанов айтып өткендей, ауыл шаруашылығы кооперациясының картасы жүзеге асырылуда.

«Импорт үлесінің жоғарылығын, жүктелмеген қуаттылықты және шикізаттық әлеуетті ескере отырып 435 кәсіпорынға қатысты қайта өңдеудің 9 басым түрі айқындалды. Бұл – сүтті, етті, теріні және жүнді, майлы және дәнді дақылдарды, жеміс және көкөністі, қант қызылшасын және картопты қайта өңдеу, олар бойынша Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарын орналастыру сызбасы, оның ішінде әр облыс бойынша, аудандар бөлінісінде әзірленді», - деді ол.

Аграрлық қайта өңдеу Картасына сәйкес 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту қажет. Бұл қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Ақбота Күзекбай 





Яндекс.Метрика