Ұлттың денсаулығы

Ақмола облысында жаңа инсульт орталығы ашылды

Астана қаласындағы №2 Ақмола облыстық ауруханасында инсульт орталығы ашылды. Бүгiн Астана қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Мəлiк Мырзалин аталмыш орталық ашылған №2 Ақмола облыстық ауруханасының жұмысымен танысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақмола 14 Қараша, 15:16

Орталықты қажеттi медициналық құралдармен жабдықтау үшiн облыстық бюджеттен қаржы бөлiнген. Ағымдағы жылдың 9 айында ауруханаға неврологиялық ауруға шалдыққан 233 науқас түскен. Оның 74 инсультпен ауыратындар. Орталықта Астана маңындағы Целиноград, Астрахань, Аршалы, Ерейментау, Егiндiкөл, Қорғалжын жəне Шортанды аудандарының тұрғындары емделед.

15 орынға арналған орталықтың қажеттi диагностикалық жабдығы, соның iшiнде дәрiгерлердiң инсульттың түрiн және емдеу тәсiлiн анықтай алуына көмектесетiн компьютерлiк томограф бар. Орталықта жұмыс iстеу үшiн анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, терапевт, сәулелiк және функционалдық диагностика, физиотерапия және емдiк дене тәрбиесi дәрiгерлерi оқытудан өттi. Емделушiлердi оңалту үшiн құрамында емдiк дене тәрбиесi, логопед, психолог дәрiгер және нұсқаушы бар ерекше көпсалалы бригада құрылған.

Жаңа орталықтың ашылуына орай емделушiлер шұғыл түрде қажеттi көмек ала алады. Науқастарды қалыпқа келтiру де орталықтағы маңызды фактор болады, оны ауру басталғаннан кейiн үшiншi, бесiншi күн аралығында өткiзедi. Бүгiн Орталық бiрiншi емделушiлерiн қабылдауда.

Айта кетейiк, облыста ашылып отырған 3-шi инсульт орталығы. Осындай орталық Көкшетаудағы Ақмола облыстық ауруханасы жəне Степногор қаласының орталық ауруханасында жұмыс iстейдi. Оған қоса, жыл соңына дейiн Атбасар қаласында ашу жоспарланған.

 





Яндекс.Метрика