Басқару

Терроризм, көші-қон және ресурстардың тапшылығы: Н.Назарбаев әлемдік деңгейдегі проблемаларды айтты

Астана клубының үшінші отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев терроризм, көші-қон және ресурстардың тапшылығы проблемалары туралы айтты.
Астана қаласы13 Қараша , 17:06

«Халықаралық терроризм апатты ауқымға жетті,  ол үшін қазір  шекара жоқ. Бүгінгі таңда  Жер шарының кез келген нүктесі бүлдіргі күштің нысаны болуы мүмкін. Үшінші мыңжылдық басталғалы қаза болғандардың саны секілді терактілердің көлемі он есеге  артты. 2016 жылы терактілер 104 елде болды. Бұл өз кезегінде әлемнің жартысы деп айтуға болады. Географиясы мен ауқымы бойынша біз шартты түрде үшінші дүниежүзілік соғыс жағдайында тұрғандаймыз, яғни террорға қарсы соғысқа қатысты. Лаңкестіктің жаһандық индексі мәліметіне қарағанда, терроризм тұрғысында 2015 жыл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері үшін ең  қиын жыл болды. Шабуылдар саны 731-ге жетіп, терактілер ЭЫДҰ-ның құрамындағы 34 елдің арасында 21-ші орын алған», - деді Елбасы.

Президенттің айтуынша, псевдоисламдық ағымдар көптеген елдердің аймағына күшпен кіріп, өзінің әсер ету деңгейін кеңейтуде.

«Қайшылықтарға қарамастан, әлемдік өңірлік державалар Таяу Шығыста ДАИШ-пен күресте іс-қимылды үйлестіруге қауқарлы болды. Алайда, талқандалған содырлар басқа аумақтарда ошақтарын жандандыруы мүмкін екенін түсінген абзал. Бұл өз кезегінде барша Еуразия үшін күрделі сын-қатер», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы жаһандық көші-қон проблемалары туралы айтып, оларды түбегейлі қайта ойластыру керектігін алға  тартты.

«Адамзат баласының бүкіл тарихында дәл мұндай айта қоярлықтай демографиялық дисбаланс  байқалған емес. Егер дамыған елдердегі халық саны 1  млрд адамды құраса, ал дамушы елдердің халық саны 6,5 млрд адам. Соңғы 25 жылда халықаралық көші-қон саны 2 есеге ұлғайып, бүгінде 250 млн адамға жетіп отыр.
 

Н.Назарбаев айтып өткендей, өмір сүруге қажет  ресурстардың шектеулігі сынды проблемалар қажетті орынға ие болмай отыр.

«Біріншіден, бұл тұщы судың жетіспеушілігі мәселесі. Оған күрес мемлекетаралық қайшылық көзіне айналып отыр.  Су ресурстарының  тапшылығы  Пәкістан мен Үндістан  арасындағы қарым-қатынасты асқындырды», - деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы  әлем аймақтарындағы  азық-түлік дағдарысы, егіндік жерлердің қысқаруы, жерлердің құнарлығының азаюы мәселелеріне тоқталды.

«Сарапшылардың есебі бойынша, жақын арадағы  40 жылда егістік  алаңдарын  астыққа  кем дегенде екі есе  арттыру қажет. Еуразиялық елдердің  ауыл шаруашылығын қарқындату маңызды.  Оның ішінде, азық-түлік тауарларының ірі өндірушісі ретінде Қазақстан  да бар», - деді Елбасы.

 

Ақбота Күзекбай

 

 




Яндекс.Метрика