Үкімет

Қазақстан, Ресей және БАӘ ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды қарауда

Дубайда (БАӘ) «Dubai Air Show – 2017» XV Халықаралық әуеғарыш көрмесі аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің, БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары, БАӘ Президент ісі жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид Әл-Нахаянның, РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозиннің қатысуымен үшжақты ресми кездесу болып өтті, деп хабарлады primeminister.kz.
Астана қаласы 13 Қараша, 12:55

Тараптар келіссөздер барысында ғарыш саласында инновациялық жоғары технологиялық әзірлемелерді қолдана отырып, бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту мүмкіндігін талқылады. Әмірлік тарапы «Байқоңыр» ғарыш айлағының қазіргі жағдайымен және оны одан әрі дамыту келешегімен танысты.

Кездесу барысында шейх Мансұр БАӘ-нің Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» жобасына қатысу мүмкіндігін қарауға қызығушылығын білдірді. Болашақта ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға стратегиялық бағдарлама жасап, тараптардың қызметін үйлестіріп отыру мақсатында үшжақты жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Айта кетейік,  «Dubai Air Show – 2017» Халықаралық әуеғарыш көрмесі азаматтық және әскери әуе өнеркәсібінің жетекші әлемдік шарасы саналады. Ол үнемі әлемнің түрлі елдерінің үкіметтік орталарының, жоғары дәрежедегі әскерилер мен бизнесмендердің назарын аудартатын көрме. Мұнда көрме қатысушылары жауапты тұлғалармен және сарапшылармен жақын араласа алады.

Dubai Air Show — екі жылда бір рет өткізілетін әлемдегі ең ірі аэрошоулардың бірі. «Dubai World Central Aerotropolis»-тің көрме ауданы 645 000 м2 құрайды.





Яндекс.Метрика