Халықаралық интеграция

Жамбыл облысының әкімі Корея елшісімен кездесті

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірімізге жұмыс сапарымен келген Оңтүстік Корея Республикасының мемлекетіміздегі Төтенше және Өкілетті елшісі Дэсик Кимді қабылдады. Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Роман Ким және аталған елшіліктің әкімшілік-техникалық қызметкері Юджин Джи бар, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жамбыл 13 Қараша, 13:36

Кездесуде облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы Оңтүстік Корея елшісіне өзара ынтымақтастық-байланыс сапарымен келгені үшін алғыс айтып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайынан хабардар етті. Тараздың тарихи, көне қала екенін, Әулиеата жерінде 3 мыңнан астам тарихи ескерткіштер бар екенін әңгімелеп берді.

 Өз кезегінде елші Дэсик Ким де арнайы қабылдағаны үшін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа ризашылығын білдірді. Қазақстанда, оның бас қаласы Астанада халықаралық маңызы бар ауқымды шаралар көп өтетінін айта келіп, биыл 90 күн бойы Елордада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне куә болып, елімізге болашақта қандай мүмкіндіктерге жол ашылатынынан хабардар болғанын айтты. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы байланыстың нығайып келе жатқанын сөз етіп, халықаралық деңгейде жұмыс жүргізуге әлеуетті кореялық «KISISI» құрылыс компаниясы туралы баяндады.

Кездесуде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев соңғы жылдарда өңіріміздің алыс-жақын шет мемлекеттермен қарым-қатынасы нығая түскенін атап өтті. Соның ішінде Қытай, Оңтүстік Корея, Иран, Беларусь, Ресей мен Түркия республикасымен экономикалық-ынтымақтастық нық орныққанын айтып, Қытайдың Шаньси аймағындағы Сиянь қаласымен байланыс арта түскенін тілге тиек етті. Ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны туралы сөз болып, Оңтүстік Кореямен экономикалық байланысты дамытуға дайын екенін, тіпті медицина мамандарын білімін жетілдіру үшін осы елге жіберу жоспарланып отырғанын, қазірдің өзінде оңтүстіккореялық «KISISI» құрылыс компаниясы мен «Severance-KZ» халықаралық медициналық қоғамдық қорымен екіжақты байланысқа қол жеткізілгеніне тоқталды.

Облыс әкімі Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде еліміздің әр аймағы өркендеп, өсіп келе жатқанын, отандық химия өнімінің 30 пайызы осы өңірде өндірілетінін айтып, Оңтүстік Корея республикасымен туризм, денсаулық, ауыл шаруашылығы салалары бойынша да экономикалық байланыс орнатуға ықыласты екенін жеткізді.

 Екі елдің ынтымақтасуымен өсімдік шаруашылығын дамытуға арналған аквопрони кешенін дамытуға, осы жүйемен қияр мен қызанақ өсіруге мүмкіндік жоғары екенін, қазірдің өзінде Қордай ауданында осы бағыттағы қолға алынған жұмыстар басталып кеткенін мәлімдеді.

Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Дэсик Ким Таразда өтетін кәсіпкерлікті дамытуға арналған халықаралық форумға қатыспақшы. Форум екі күнге созылады. Бұған дейін ол М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқытушылармен және белсенді студент­термен кездесіп, лекция оқыған болатын.

 

 





Яндекс.Метрика