Парламент

Д. Абаев: 2017 жылы 3 мыңға жуық сайт бұғатталды

2018 жылдың соңына дейін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі интернетте ақпаратты бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлап отыр, деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Астана қаласы08 Қараша , 14:38

«Бізде жаңадан пайда болған  интернет құралдары, теледидар, басылымдар да бар. Қарама-қайшы контенттің ауқымы да көп. Биыл біз 3 мыңға жуық сайтты бұғаттадық. Бұл шара құқыққа қайшы контент алынбаған кезде қолданылады», - деді Д.Абаев.

Министрдің айтуынша, министрлік құқыққа қайшы материалдарға қатысты 270 мыңға жуық ескертуді жолдады. Яғни лаңкестік, экстремизм, порнография және басқа да осы тектес материалдар болған. 

«Әлеуметтік желіде материал пайда болды делік, біз барша әлеуметтік желіні бір материал үшін бұғаттай алмаймыз. Сондықтан да желінің әкімшісімен байланысқа шығуға тура келеді. Ал әкімші өз кезегінде тиісті шараларды қабылдайды. Біздің басты жұмыс - интернетте, теледидарда таратылатын ақпаратты бақылау. Алдағы жылдың соңына дейін бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізбекпіз. Аталған жүйе интернетті бақылайды», - деді министр.

Айта кетейік,  ҚР АКМ басшысы айтып өткендей,  министрлік журналистік сауалдарға жауап беру уақытын қысқарту  мәселесін қарастыруда.

Ақбота Күзекбай

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика