Парламент

Д.Абаев ақпарат және коммуникациялар туралы заң жобасының негізгі тұстары туралы айтып берді

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар еңгізу туралы» заң жобасының негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Астана қаласы08 Қараша , 12:43

«Бүгінгі күні Министрлік ақпарат пен коммуникация және ақпараттандыру бағыттары бойынша сан салалы жұмыстарды қамтып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл салаларға айрықша маңыз беріп, Министрлікке  үлкен міндеттер жүктеді. Соның бірі – саланың дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету.Коммуникациялық технологиялар жедел дамыған қазіргі уақытта онымен байланысты салалар да күрделі өзгерістерге түсуде.Басқасын айтпағанда, ақпарат деген ұғымның өзі де өзгеріп,ауқымы кеңейіп келеді. Күн өткен сайын ақпаратты таратудың жаңа арналары мен құралдары пайда болуда. Сонымен бірге,мемлекет пен БАҚ-тың, сондай-ақ масс-медиа мен азаматтардың арасындағы өзара байланыстың маңыздылығы да артты.Осы аспектілер бұл сала субъектілерін одан әрі дамытуға заңнаманы бейімдеудің қажеттілігін көрсетіп отыр», - деді Д.Абаев.

Министр айтқандай,  осыған сай, заң шығару жұмысының 2016-2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары мен Үкіметтің 2017 жылғы заң шығару жоспары бойынша// жаңа заң жобасы әзірленді. Ақпарат және коммуникациялар мәселелерін қамтитын бұл жобада// 12 заң мен 4 кодекске өзгертулер мен толықтыру енгізу көзделген.

Ендігі кезекте заң жобасында қарастырылған басты бағыттарға кеңірек тоқталып өтсек.

«Біріншіден,бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы үшін сапалы заңнамалық базаны одан әрі қалыптастыру қарастырылып отыр. Соның ішінде, әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасалады. Атап айтқанда, аздаған құқық бұзушылықтар үшін газеттің тиражын конфискациялау  немесе БАҚ-тың қызметін тоқтату сияқты жазаларды алып тастау көзделуде.  Ақпарат құралдарын шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратуға қатысты жауапкершіліктен босататын себептер қатары да ұлғаяды. Бұл өзгеріс мемлекеттік органдардағы       БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаға ерекше жауапкершілік жүктейді»,  - деді Д.Абаев.

Министр  атап өткендей,  тағы бір мәселе, бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың суретін қандай жағдайда рұқсат сұрамай жариялауға болатыны айқындалды. Мысалы, ол көпшілік жаппай қатысатын мәдени, спорттық және басқа да шараларға, жұрт алдында сөз сөйлеуге қатысты.

«Қазақстандық контентті одан әрі қолдау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тек отандық телеарналарды көрсету жоспарлануда.Екіншіден, қазақстандықтардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасын реттеу қарастырылды.  Бұл ретте, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен баланың жеке басын анықтайтын кез келген ақпаратты,оның суретін ақпарат құралдарында жариялауға шектеу қою ұсынылып отыр», - деді Ақпарат және коммуникация министрі.

Сонымен қатар, күмәнді ақпаратты жариялағанда туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу тәртібін өзгерту жоспарлануда. Бұл мәселеде тараптарды тең мүмкіндікпен қамтамасыз ету маңызды.

«Бұған қоса, заң жобасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесі де ескерілді. Мемлекеттік тілдегі жарнамалардың тең бөлінуі, сондай-ақ «балаларға арналған, діни және ағарту телебағдарламалары» сияқты ұғымдарды нақтылау бойынша шешімдер ұсынылуда.

Тұтастай алғанда, талқыланып жатқан заң жобасында үш үлкен саланы – ақпарат,байланыс және ақпараттандыру саласын дамытуға бағытталған кешенді өзгерістер қамтылды», - деді министр.

Министр айтып өткендей,  заң жобасы  ақпарат саласында азаматтардың құқығын қорғаудың механизмдерін күшейтуге,  бұқаралық ақпарат құралдары қызметінде сапалы өзгерістер жасауға, ақпаратқа қолжетімділік бойынша мүмкіндіктерді ұлғайтуға, ұлттық заңнаманың ішкі үйлесімін қамтамасыз етіп, оны қолданудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Ақбота Күзекбай

 

 




Яндекс.Метрика