Рухани жаңғыру

Қазақ тілінің ұлттық ерекшелігіне негізделмеген латын әліпбиіне қатысты түрлі пікірдің болуы заңды – Е.Тілешов

Қазақ тілінің ұлттық ерекшелігіне негізделмеген латын әліпбиіне қатысты түрлі пікірдің болуы заңды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби - жаңғыру жолы»атты дөңгелек үстелде жаңа әліпби авторларының бірі Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық үйлестіру-әдістемелік тіл дамыту орталығының директоры Ербол Тілешов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Астана қаласы07 Қараша , 14:10

«Ұлттық комиссия құрылғаннан кейін, комиссия жоспар жасап, жұмыстың кезең-кезеңін белгілейді. Соның ішінде жаңа әліпбидің емле-ережесін жасау, жаңа әліпбидің орфографиялық сөздігін жасау мәселесі күн тәртібіне қойылады. Сол емле жасау кезінде кейбір өзгерістердің енгізілуі әбден мүмкін» - деді Ербеол Тілешов.

Сонымен қатар ол кешегі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бұл мәселені орынды көтергенін, комиссия әрбір азаматтың пікірін ескеретінін айтты.

«Бір нәрсені ескеруміз керек. Диграфтық болсын, апострофтық тәсіл болсын, диакритикалық тәсіл болсын, қоғамда осы үш тәсілдің бірін қолдайтындар және қарсы болатындар бар. Себебі латын әліпбиі, латын әріптері қазақ тіліне арналмаған. Сондықтан да қазақ тілінің ұлттық ерекшелігіне негізделмеген латын әліпбиіне қатысты түрлі пікірдің болуы заңды» - деді тіл маманы.

Сонымен бірге Ербол Ерденбекұлы қандай әліпби қолдансақ та түркі әлеміне жақындай алмаймыз дегенді айтты.

«Себебі әліпби деген бар болғаны таңба ғана. Ал таңба арқылы тіл үйренетін болсақ, крилицаны пайдаланатын бүкіл қазақ орысша біліп алатын еді. Ондай болған жоқ. Ағылшын тіліндегі 26 таңбаны бәріміз білеміз, бірақ бәріміз бірдей ағылшынша білмейміз. Өзбектікі басқа, түркімендікі бөлек, әзербайжан мен түріктікі де бөлек. Демек ортақ символдар, белгілі бір жүйелер, таңбалар жиынтығы, шартты белгілер деңгейінде түсінуіміз мүмкін» - дейді Ербол Тілешов.

 

 

 




Яндекс.Метрика