Экономика

Алтын құймалар айырбастау пункттерінде сатылады – Әмірбек Санкубаев (ВИДЕО)

Эксклюзив
Астана қаласы 03 Қараша, 19:53

Нарық заманында халық арасында ертеңгі күніне қор жинақтап,  болашағыңды алдын ала ойластыру қалыпты жағдай. Бірі баспана сатып алу үшін депозитке ақша жинақтаса, енді бірі көлік сатып алу, баласының оқуының ақысын төлеу немесе шетелде демалу үшін қаржысын жинақтайды. Біздің ел де ертеңгі күнге деген қорын не ұлттық валютада немесе шетелдік ақшамен жинайды. Биыл ҚР Ұлттық банкі Халық үшін тазартылған алтынның өлшеулі құймаларын сату және сатып алу бағдарламасын іске қосты. «Strategy2050.kz»AA тілшісі биыл ғана енгізілген жаңалықтың жұмысы, одан күтетін нәтижелер жайлы  ҚР Ұлттық банкі орталық филиалының директоры Әмірбек Санкубаевпен сұхбаттасқан еді.  

Ұлттық банк саудаға шығарған алтынды 10, 20, 50 және 100 граммдық құймалар ретінде, төрт түрде ұсынып отыр. Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен жабдықталған және оның механикалық бүлінуінен қорғауға  мүмкіндік беретін арнайы қаптамасы бар. Бұл алтын құймалары  екінші деңгейдегі банктер арқылы саудаланады. Жалпы, бағдарламаның бастапқы кезеңінде құймаларды Астана, Алматы, Өскемен және Атырау қалаларында ғана сатып алуға және сатуға болатын. Бүгінде бұл мүмкіндік еліміздің барлық аймақтарында бірдей қарастырылған. Жалпы, алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы клиентке «күнбе күн» ақша төлей отырып оларды екінші деңгейдегі банктердің кері сатып алу мүмкіндігі болып табылады.

LBMA (Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының) биыл  31 қазанда жариялаған мәліметтеріне жүгінетін болсақ қыркүйек айында алтынның орташа бағасы 1 унциясы - 1,315 долл құрады, өткен аймен салыстырғанда өсім 2,5% көрсетті. Бұл ретте, унцияның орташа көлемі 22,1 млн асып жығылды, осылайша өткен аймен салыстырғанда белсенділік 19,3%-ға артты. Сонымен, жоғары сынамадағы алтынның өз құнын ешқашан жоғалтпайтынын ескерсек қаржы салымының бұл түрін тиімді деп бағалауға болады. Оны ҚР Ұлттық банкі қана емес, осы саладағы өзге де мамандар растап отыр. 

Алтын құймаларын қайта сатуға болатынын ескеретін болсақ оны қаптамасынан алмаған жөн. Әрине, мүлік өзіңіздікі болғандықтан ерік те өзіңізде. Алайда егер оны тиімді қаржы салымы ретінде қарастыра отырып, болашақта қайтадан сатып жібергіңіз келсе, қаптамасымен бірге сақтаған жөн. Қаптама оны түрлі механикалық бүлінуден сақтап қана қоймайды, ол оның таза өнім екенін растайтын сертификаты болып табылады. Жалпы, алтын құймаларын сақтайтын қатып қалған қағида жоқ, бастысы қалыпты ауа температурасында, әрі өзінің қаптамасында болса болғаны. 

Айта кетейік, Ұлттық банк саудаға шығарған алтын құймалардың бет жағының жоғарғы бөлігінде - бұғының сұлбасы, «Қазақстан», «Казахстан» деген жазбалар бар. Ал, құйманың ортасында «АЛТЫН» жəне «ЗОЛОТО» жазбалары орналасса, жоғарғы бөлігінде салмағы жəне төменгі бөлігінде металдың тазалығын білдіретін 999,9 саны бейнеленген. Төменгі бөлігінде болса Қазақстан теңге сарайының логотипі жəне құйма нөмірі орналасқан. Сонымен қатар, құймалардың сырт жағының жоғарғы бөлігінде - Ұлттық Банктің логотипі, ортасында - қанатты барыстың стильдендірілген сұлбасы бейнеленген.

Ұлттық банктың мәліметі бойынша, 2017 жылдың 2 қарашасында алтынның 1 граммы - 13 753,62 теңгені құрады. 

Мөлдір Асқарқызы
Видео: Азамат Әлиев





Яндекс.Метрика