Адами капитал

АӘК табысы күнкөріс деңгейінен 50% төмен отбасыларға берілетін болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, облыстар және Астана, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларымен, халықты әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту мәселелері жөнінде жиын өткізді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Астана қаласы30 Қазан , 09:23

 «Егер қазіргі таңда АӘК табысы күнкөріс деңгейінен 40% төмен адамдар мен отбасыларға қаржылай көмек ретінде берілетін болса, жаңа жылдан бастап жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен 50% төмен отбасыларға берілетін болады. Сонымен бірге, жаңа сипаттағы АӘК  - қазіргі таңдағы АӘК, балалар жәрдемақысы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы секілді 3 әлеуметтік төлемнің орнына Бірыңғай жәрдемақы түрінде төленеді. Ең басты ескеретін жайт, жаңа АӘК мөлшері жоғарыда аталған 3 түрлі жәрдемақының жалпы сомасынан жоғары болады. Осылайша, жаңа АӘК тек қана қаржылай жәрдемақы ғана емес, кедейлік деңгейінен шығудың кешенді шарасы болмақ. Жәрдемақының қолжетімділігі мен бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында жұмысты бір терезе жүйесімен Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүргізу ұсынылады», - деді Министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жиналғандардың назарын келер жылдан бастап базалық зейнетақы тағайындау тетігі өзгеретіне де аударды.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өседі. Базалық зейнетақы, басқа да жәрдемақы түрлері сияқты, 6 пайызға көбейеді. Осы арқылы, базалық зейнетақыны ескергендегі зейнетақының төменгі мөлшері келесі жылы 49 019 теңгені құрап, орташа дәрежесі 71 333 теңгені төңіректемек.

 «Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай берілетіні көзделуде. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынатыны болжануда», - деп түсіндірді Тамара Дуйсенова.     

Мұндай әдіс, 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнататыны күтілуде. 1998 жылға дейін және одан кейін де 33 жылдан асатын өтілі бар тұлғаларға, базалық зейнетақы ағымдағы көлемімен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 14 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденетін болады. 

10 жылдан асқан әр жыл сайын базалық зейнетақы 2 пайызға өспек. Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын құраса, 30 жылда 94%-ды межелемек. Заңда айқындалғандай, 33 жылды еңсерген өтіл белесінде базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің толық 100% көлемін қамтымақ.

Өзін жұмыспен қамтыған тұрғындар қызметін реттеуде 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасы жасалуда.

Тамара Дүйсенова, жоғарыда көрсетілген барлық міндеттерді қаперге алған райда, Үкіметтің әлеуметтік салада жүргізіп отырған саясатын өңірлерде түсіндіру іс-қимылдарын ширату қажеттігін атап өтті.  

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» идеясы мен  халыққа Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асады.  

 




Яндекс.Метрика