Рухани жаңғыру

Қазақстанда екі әліпби қатар қолданылады - М.Бақтиярұлы

Эксклюзив
Елбасы күні кеше қазақ тілінің латын қарпіне көшуі туралы Жарлығына қол қойған болатын. Мемлекеттік тіліміз 2025 жылдан бастап латын қарпіне толықтай көшетін болады. Бүгінгі таңда өзгелеріне қарағанда қолайлы әрі тиімді болып таңдалған әліпби нұсқасы туралы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Strategy2050.kz АА берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.
Астана қаласы27 Қазан , 17:19

- Елбасы кеше ғана  қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі туралы Жарлыққа  қол қойды.  Латын әліпбиіне көшу қаншалықты тиімді?

- Қазақ тілінің  латын қарпіне көшуін Елбасы  2008 жылы көтерген болатын.  Президенттің  «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру»  мақаласында  2018 жылдан  бастап осы мәселеге кезеңдеп көшу туралы өз пікірін айтқан болатын. Соңғы екі айда қоғамда осы мәселе  көп талқыланды. Мысалы, көрші елдердің тарихына жүгінсек. КСРО құрамында болған көршілес Әзірбайжан мен Өзбекстанды мысалға алайық. Осы елдерде латынға көшу мәселесі  халықтық талқылауға  түспеді. Олар  жоғары жақтың тапсырмасымен  латын қарпіне көшті.  Бұл елдерде қазірдің өзінде аудармаға, әріптерге   қатысты кемшіліктер  байқалады. Сондықтан да, Елбасының  саясаты латынға   асықпай, зерделеп көшу   болатын. А.Байтұрсынов атындағы тіл институтының  ғалымдары елдердің тәжірибесін зерделеп, өзіндік латын әліпбиін   Парламент Мәжілісіне ұсынды. Оның  тәуірлеуі таңдалып алынып талқыланды. Қоғам да  бұл мәселеге  қатысты  өз пікірлерін айтты.  Халық талқылауынан кейін Елбасы екінші рет  жұмыс тобын тағайындап, қазақ тілінің  төл дыбыстарына қатысты көптеген өзгертулер енгізіп екінші нұсқаны қабылдады.  Осыған орай,  Елбасы  латын қарпіне көшу туралы Жарлыққа қол қойды.  Ол 2025 жылға дейін кезеңдеп жүзеге асырылады.

- Латын қарпіне көшуді жеңілдету үшін қандай шараларды жүзеге асырған жөн?

- Бірінші кезеңде латын қарпіне көшу бойынша комиссия құрылады. Олардың мақсаты латын қарпін қолдану бойынша әдістемелік құралдарды дайындау. Қазақстан аймақтарын аралап,  латын қарпін түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізу. Латын қарпіне көшкеннің алдында мектептің төменгі сыныптарына латынды  енгізу қажет. Бірінші-екінші сыныптардағы оқушылар латын қарпімен оқулары тиіс, оған дейін оқулықтар латынға аударылады.  Одан бөлек, мектепке қатысты әдебиеттер латынға  көшіріледі. Ол белгілі бір уақытты алады. 2023 жылдан бастап барлық мемлекеттік іс-қағаздар міндетті түрде латын қарпіне көшірілуі керек. Демек, 2025 жылдан бастап  Қазақстандағы мемлекеттік тіл кириллицадан арылып, латын қарпіне көшеді. Қоғамда да  латын қарпіне көшуге қарсылық білдіріп, кереғар пікір айтты.Оларға  сын айтуға болмайды. Себебі, әр азаматтың пікірі бар. Осыған дейін  Қазақстан өзінің әліпбиін дербес түрде таңдамады. Жоғарыдан, Мәскеуден  нұсқау арқылы жасаған болатын. Кирилл әліпбиіне  біз де үйреніп қалдық. Кириллицада  жазылған  миллиондаған шығармалар бар. Олар кирилл әліпбиінде жарияланды. 2025 жыл деген уақыт тез келеді. Ол уақытқа  дейін  киррил әліпбиі де қатар жүре береді.

 - Бір мемлекетте екі әліпбидің қатар  қолданылуы қалай болмақ?

 -  Иә, ондай  сұрақтар да кездеседі.  Мәселен,  Африкада Алжир деген  мемлекет  бар. Олар бұрындары Францияның коллониясы болды. Оларда қазіргі кезге дейін  дейін екі әліпби бар. Бірі өздерінің араб әліпбиі, екіншісі латын әліпбиі. Бүгінде әлемде кирилл әліпбиі  12 елде бар. Оның  8 славян тілдес болса, 4-і түрік,  парсы тілдес мемлекеттер болып отыр. Моңғолияда да кирилл әліпбиі, олар да қазір латын  қарпіне көшуді қарастырып жатыр. Ал, Тәжікстанда да бұл мәселе көтеріліп жатыр. Олар араб тіліне өткілері келеді. Қазақстін өзінің қандай әліпбиде болатынына толық құқылы. Бұл жерде ешбір саясатты іздеудің  керегі жоқ. Латын қарпіне көшу «Рухани жаңғыру» аясында болған   өте ауқымды оқиға. Латын қарпіне көшудің басымдығы -   түркітілдес халықтарына толыққанды ортақтасу. Орыс тілі үлкен тілдердің бірі болғанымен, ол бәрібір шектеулі. Әлемдік жаңалықтар ағылшын тілінде жазылады. Бұл өскелең ұрпақтың әлемдік тілді меңгеруіне септігін тигізеді.

 -  Соңғы қабылданған нұсқа қаншалықты қолайлы деп ойлайсыз? 

 -  Тіл мамандарының айтуы бойынша, осы күнге  қазақ тіліне енген  артық дыбыстар көп. Мәселен, - ю, -я, -ъ, -ь   сынды дыбыстар  бар. Бұл әріптер латынға көшкенде алынып қалады. Ал, қазақ тілінің    төл дыбыстары  латынға көшу арқылы сақталады. Тіл реформасындағы мәселе бір реформамен тоқтамайды, әлі  де жетілдіреді. Өзгертіледі. Кей мәселелерді тек мемлекет бекітеді. Бұл  жүргізіліп жатқан реформалардың   дұрыс екенін  болашақта   тарих көрсетеді. Латын әліпбиіне көшу үрдісін   Тіл конституциясы  деп айтуға болады. Елбасының елмен, мамандармен  талқылап,  26 жыл бойы зерттеп, саралап алып латын енгізуі  даналық. Мен шетелге жұмыс сапарымен барған кезде де олар латын қарпіне көшуді қолдаған болатын.Біз көпұлтты мемлекетпіз, елде шоғырланған   славян халықтары да баршылық,  сондықтан да  кириллді де бірден  алып тастауға болмайды.  Біз моноел болғанда ғана толық өту үрдісі жүзеге асырылмақ. Ал, ұйғырша, қырғызша, өзбекше   білім беретін   мектептер  әрі қарай жұмыс істей береді. Латын қарпіне көшу тек қазақ тіліне ғана қатысты.  

Сұхбатыңызға рақмет!

Аягөз Құрмаш

 




Яндекс.Метрика