Парламент

Қазақстандық экспорттың дамуы дұрыс экспорттық стратегияға байланысты - Т. Сүлейменов

Экспорттық стратегия - бұл қазақстандық экспорттың даму бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат. Экспорттаушылар үшін "бір терезе" жүйесінің енгізілуі экспорттық операцияларды қаржыландыруды арттыруға және экспорттаушылардың өтінімдерін қарау мерзімі мен рәсімдерін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ҚР Парламентінің Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында мәлім етті.
Астана қаласы27 Қазан , 15:37

Министрдің айтуынша, Үкімет өндірісті қолдау мен әртараптандыруға бағытталған бірқатар бағдарламалар қабылдаған. Ағымдағы жылғы тамызда Елбасының тапсырмаларын орындау үшін Үкімет 2022 жылға дейінгі "Ұлттық экспорттық стратегия" бағдарламасын қабылдаған болатын. 

«Бағдарламаның мақсаты 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есе ұлғайту үшін жағдайлар жасау болып табылады. Негізгі нысаналы индикаторлар - ҚР шикізаттық емес тауарлары мен көрсетілетін қызметтері экспортының көлемі, шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі», - деді Т. Сүлейменов.

Министр айтып өткендей, бүгінде 27 елдің нарығы басым нарықтар ретінде белгіленген. Бұл елдер географиялық жақын орналасуына, көліктік қолжетімділігіне байланысты таңдалған.

Сондай-ақ ол экспортты ұлғайту бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін экспорт тұрғысынан анағұрлым перспективалы көрсетілетін қызметтердің алты тобын дамытуға баса назар аудару керектігін атап өтті, бұл: көлік, туризм, қаржылық және іскерлік көрсетілетін қызметтер, білім беру, медицина, ғарыштық қызметтер және ғарыш аппараттарын сынақтан өткізу. 

"Экспорттаушылар үшін "бір терезе" жүйесінің енгізілуі экспорттық операцияларды қаржыландыруды арттыруға және экспорттаушылардың өтінімдерін қарау мерзімі мен рәсімдерін қысқартуға мүмкіндік береді. ҚР-да экспорттаушыларға қолдау көрсетудің негізгі принципі клиентке бағдарлану болуы тиіс. Бұдан бөлек, стратегияда жергілікті атқарушы органдардың рөлі де айқындалған. Жергілікті деңгейде экспорттық әлеуеті бар өндірістерді қолдау бойынша нақты жоспарлар қабылдануы тиіс», - деп түсіндірді Т. Сүлейменов.

Сөз соңында, министр экспорттық стратегия бұл қазақстандық экспорттың даму бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті. 

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика