Жалпы, оңтүстік астанадағы медицина мекемелеріне 1,8 млн адам тіркелген. Дәстүрлі науқан барысында олардың бәріне кез-келген емдеу ұйымын таңдап, қайта тіркелуге мүмкіндік беріліп отыр. Қала бойынша халықты тіркеумен айналысып жатқан 83 медицина үйымының ішінде 35 жеке меншік клиника да бар.
Тіркелге болатын емдеу мекемелерінің тізімімен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан танысуға болады. Ол үшін сайттағы «Клиника таңдау» бөліміне кіру қажет. «Медициналық көмектің түрі» графасына міндетті түрде назар аударыңыз. Өйткені азаматтар тек бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін клиникаларға ғана тіркеле алады.
Тіркелу рәсімі көп уақыт пен құжатты қажет етпейді. Өзіңіз таңдаған емханаға барып, жеке куәлігіңізді көрсетіп, бас дәрігердің атына еркін формада өтініш жазасыз. Бұдан басқа құжат талап етілмейді.
Сонымен қатар, азаматтар отбасының өзге мүшелерін де тіркей алады. Бұл үшін олардың жеке куәліктері (туу туралы куәлік) мен өтініштері қажет. Ал, өздігінше емханаға тіркелу құқығын пайдаланбаған тұрғындар тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеледі.