Рухани жаңғыру

Латын әліпбиіне көшу туралы қоғам өкілдерінің пікірі

2012 жылдан бері қазақ қоғамында көтеріліп, биылғы 12 сәуір күнгі Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында нақты бағыт-бағдары айқындалып, арнайы тапсырмалар беріліп, бүгін ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген латын әліпбиі қоғамда түрлі пікір тудырып жатыр. Соған қарамастан халықтың басым бөлігі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесін қызу қолдап, өз ой-пікірін білдіруде. Кеше ғана елімізге танымал ғалымдар мен саясаткерлердің латын әліпбиінің соңғы нұсқасына қатысты пікірлерін берген болатынбыз. Ал бүгін әліпбидің қабылданған нұсқасы жайлы азаматтардың көзқарасымен таныс болыңыздар, деп хабарлады baq.kz.
Астана қаласы27 Қазан , 13:53

Ауыт Мұқибек, ақын: Бұл - ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ айқындай түсетін, тарихи маңызы зор шешім

Бала күнімде Қытайда тұратын қазақтың көрнеті жазушысы Тұрсынәлі Рыскелдиевтың бір әңгімесін оқығаным бар. Әңгіме АҚШ-қа оқуға барған үш қазақ баласы жайлы еді. Біреуі сәбеттік Қазақстаннан, біреуі Маңғолиядан, енді біреуі Қытайдан барған үш жігіт ата-аналары жіберген үш түрлі қаріппен жазылған хатты көріп, таң қалады. Бірінің хатын бірі оқи алмай қор болады. Бала жүректі аяздай қарыған сол әңгіме әлі есімнен кетпей жүретін.

Міне, содан бері де қырық жылға таяу уақыт өтіпті. Дүние адам танымастай өзгерді. Төбесі көк тіреген, екі иінінен дем алып тұрған кеңес империясы құлады. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Құдайға тәубе, бүгін Қазақстандағы қазақ тілінің ғана емес, қазақтың бүкіл мәселесі өз шешімін тапқан.

Айталық, сан жағынан еліміздегі қазақ ұлтының салыстырмасы 70 пайыздан баяғыда асып кетті. Бүкіл шегара әлемдік талапқа сай бекітілген. Жаңа астана салынған. Нарықтық экономикаға төселдік. Біріккен Ұлттар ұйымына, Халқаралық Сауда ұйымына мүшеміз. Алыс-жақын шетелдерде жүрген этникалық қазақтардың көшіп келуіне арнап кемелді заң шығарып, есігімізді айқара ашып қойдық. Қысқасы, біздің елде ХХІ ғасырдағы бір мемлекетке қажеттінің бәрі бар. Оны жасаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев! Сол еңбегі үшін Елбасымыз «Ұлт Көшбасшысы», «Бүкіл Түркі дүниесінің ақсақалы» деген аса мәртебелі атқа ие болды. Ол ат пен атақты туған халқы мен туысқан мемлекеттер беріп отыр!

Жазушы Тұрсынәлі аға Рыскелдиев те азаттық таңы ата салысымен Алматыға оралды. «Оралман» деген атты лақтырып тастап, бірден Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Біз де сол көшке еріп, қасиетті қазақ жеріне келдік. Азат, еркін өмір сүргенге не жетсін! Тек, бір кемшін тұсымыз – осы әлібидің мәселесі еді. Ол да шешілді.

Бүгін Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуін қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ қабылдады. Бұл - ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ айқындай түсетін, тарихи маңызы төтенше зор шешім. Енді әлемдегі бар қазақ бір қазақ болып, осы қаріпті қолданады. Құтты болсын!

Мұртаза Бұлытай, дінтанушы ғалым: Латын әліппесінің қабылданған нұсқасы көңілімнен шықпады

Латын әліппесінің қабылданған нұсқасы көңілімнен шықпады. Эстетикалық тұрғыдан алғанда көрінісі нашар, сүйкімсіздеу және оқуға ыңғайлы емес. Технологиялық тұрғыдан алар болсақ мәтінді теруге қолайсыздау, көп орын алады және қазіргі заманауи коммуникация құралдарымен жазуға ыңғайсыз. Лингвистикалық жағынан қарайтын болсақ, қазақ тілінің фонетикасына сай емес, қазіргі қолданыстағы кириллицаға негізделген қазақ әліппесінде бір кездері жіберілген қателіктер со қалпы мына жаңа әліппеде де қайталанатын түрі бар.

Бұл әліппе ауыстырудан гөрі кириллицамен жазылған қазақша мәтіндердің латын әліппесіне транскрипциялануы сияқты көрінді маған. Реформа болған соң толыққанды болғаны жөн, қазіргі әліппенің қателіктерін, қолданыстағы емледегі ағаттықтарды еңсеріп, бұрынғыдан да жақсы бір нәрсе енгізілуі керек еді ғой. Латын әліппесінің ұсынылған нұсқаларының ішіндегі ең нашары қабылданған секілді. Осының кесірінен қазақ тілінің жағдайы одан да мүшкілденіп, әліппе ауыстыруға кетірілетін 10-15 жылдың ішінде халықтың басым көпшілігі орыс тіліне қарай ығысуы әбден мүмкін, солай болатын түрі бар...

Дәурен Қуат, журналист: Ең бастысы келер ұрпақтың өзінің төл әліпбиі бар

Латын гарафикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау жөніндегі шешім қабылданды. Елбасының жарлығы да шықты. Бұл үлкен көш, замана көші. Біз сол көштен қалып, рухани әлемдегі, рухани кеңістіктегі жеке бір әлем болып отырғанымыз жарамайды. Ал латын әліпбиіне көшу арқылы біз әлеммен жақындасуға, әлеммен байланыс орнатуға мүмкіндік аламыз деп ойлаймын. Сондықтан да Елбасы жарлығы шығып отыр. Дегенмен қоғамда талқылау әлі аяқталған жоқ. Қазіргі қабылданған нұсқаны елдің барлығы да бір ауыздан қолдады деп айтуға болмайды. Мысалы диграф емес, апостроф емес, диакритикалық нұсқаны ұсынып жатқандар да бар. Яғни бір әріп – бір таңба заңдылығын да ұсынып отырғандар көп. Бәлкім біз уақыт өте келе осы нұсқаға да келуіміз мүмкін.

Қалай дегенмен, қазақ айтады ғой, «көш жүре түзеледі» деп. Біз сол өзіміз айтқандай жүре түзеліп үйренген халықпыз. Ең бастысы Елбасы жарлығы латын әліпбиіне көшу мәселесін тездетуге пәрмен береді деп ойлаймын. Себебі 2025 жылға дейін уақыт бар деп, арқаны кеңге салып жүре беретін болсақ, біз уақыттан ұтылуымыз мүмкін. Ал бүгінгі Жарлықтан кейін Президент өзі айтқандай саты сатымен көшу барысында әліпбидің кем-кетігі, олқы тұстары анықталады, сол кездерде біз «жоқ, мына нұсқаны әлі де былай жетілдіре түсуге болады екен» деген сияқты қоғамдық шешімге келуіміз мүмкін.

Ал қазір «бітті, кетті, енді тек қана апострофпен жазатын болдық, әріптің, сөздің, сөйлемнің төбесінде нүктелер, үтірлер көбейіп кетті» деп алаңдаушылық білдіріп жатқандар да бар. Олармен де келісуге болады. Өзіміздің төл дыбыстарымыздағы дәйекшелердің көптігі ертең оқып отырған адамға да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз әлемдік тәжірибеге негіздеп, әсіресе БҰҰ тілі болып саналатын француз, ағылшын, италиян тілдеріне қарайтын болсақ, олар латын таңбасын өздерінің негізгі дыбыстарына ыңғайлап, диакритикалық белгілерді қолданады. Біз де уақыт өте соған келуіміз ықтимал деп ойлаймын.

Жалпы латын әліпбиін қабылдауды трагедия жасап, күңірене берудің қажеті жоқ. Қалай болғанда да, бүгін Қазақ елі өз тарихындағы ерекше бір тарихи күнді басымыздан кешіп отырмыз. Біз бұрын-соңды, Кеңес үкіметінің құрамында жүріп, өзіміздің төл әліпбиіміз болады, соған қол жеткіземіз деп ойлаған да емеспіз. Міне бүгін сол күнді өз көзімізбен көріп отырмыз. Бұл да болса Тәуелсіздіктің жемісі. Ең бастысы келер ұрпақтың өзінің төл әліпбиі бар. Соның өзі біз үшін үлкен медет.

 




Яндекс.Метрика