Парламент

ҚР ИДМ жаңа ұлттық экспорттық стратегия әзірлеуде

2017 жылғы 7 ай ішінде өңделген тауарлар экспорты 26,7% ұлғайды. Шикізаттық емес экспортты қолдау жүйесін құру әлемдік трендтерді ескере отыра тұрақты жетілдіруді талап етеді. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев «Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы тұрғысында Қазақстан Республикасындағы экспорттық саясаттың перспективалары мен негізгі бағыттары» тақырыбына өткен дөңгелек үстел барысында мәлім етті.
Астана қаласы 27 Қазан, 11:38

«Бүгінгі күні Қазақстан 25 ең ірі экспорттаушы елдің қатарына кіреді. Біз жалпы алғанда өңдеуші секторға жататын 800-ден астам тауарды әлемнің 115 еліне экспорттаймыз. Шет елдерге шығарылатын өнімнің үштен бір бөлігін экономиканың шикізаттық емес секторы құрайды»,  - деді Т. Тоқтабаев.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанның өңделген экспорт көлемінің ұлғайғаны байқалады.

«2017 жылғы 7 ай ішінде өңделген тауарлар экспорты өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26,7% ұлғайып, 8,7 млрд долларды құрады», - деп ақпараттандырды вице-министр.

Осылайша, ол шетелдік нарықтарда Қазақстаннан әкелінетін дайын өнімге сұраныс қалыптасып келе жатқанын айтып өтті. Сонымен қатар, халықаралық нарықтарда жоғары бәсекелестік жағдайларында экспортты мемлекеттік қолдаудың күшеюі де байқалады.

Сондай-ақ вице-министр Қазақстанда қазіргі уақытта индустрияландыру бағдарламасы аясында экспорттаушыларды қолдаудың нақты шаралары көзделгенін хабарлады.

Сонымен қатар, вице-министр шикізаттық емес экспортты қолдау жүйесін құру әлемдік трендтерді ескере отыра тұрақты жетілдіруді талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты, Инвестициялар және даму министрлігі жаңа ұлттық экспорттық стратегия әзірлеуге кірісті.

«Бұл стратегияның негізгі элементі бірыңғай үйлестіруші мемлекеттік органмен және бірыңғай оператормен экспортты ынталандыру жүйесі болып табылады. Экспортты ынталандыру жөніндегі функциялар екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары», - деп түсіндірді Т.Тоқтабаев.

Оның айтуынша, дамудың стратегиялық бағыттарын Премьер-Министрдің басшылығымен Экспорттық саясат жөніндегі кеңес айқындайды.

«Экспорттық стратегияның қойылған мақсаттарына қол жеткізу үшін экспортты қолдауға бағытталатын қаржыландыруды ұлғайту жоспарлануда. Жалпы, Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясының сәтті іске асырылуы 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты екі есе ұлғайту міндетін орындауға мүмкіндік береді», - деп мәлім етті Т. Тоқтабаев.

 

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика