Парламент

Сенатта көрсетілетін қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі талқыланды

Сенатта елімізде көрсетілетін қаржы қызметін тұтынушыларды құқығын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің басшылығымен сенаторлардың кездесуі өтті.
Нұр-Сұлтан 26 Қазан, 18:08

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина шараны аша келіп, қаржы секторын қайта қалыптастыру жағдайында қаралып отырған тақырыптың маңыздылығын атап өтті. Бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткен болатын.

Сенатор өз сөзінде банк секторына тұтынушылар сенімін арттыруға мүмкіндік беретін өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, ипотекалық қарыз бойынша қайта қаржыландыру, қарыз алушыға әртүрлі комиссияларды төлеу жөніндегі міндеттеме жүктеу, ссудалық есеп-шот ашу және оны жүргізу үшін қарыз алушыдан төлем алу туралы айтылды. Бұдан басқа, сақтандыру төлемдерінің төленбеуіне, шарт жасау тәртібінің бұзылуына, орындалуына және тоқтатылуына байланысты сақтандыру ұйымдарының іс-әрекеті сауалдар туындатып отыр.

«Жекелеген микроқаржы ұйымдары сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті көлемін арттырып, микронесиелер беру және оған қызмет көрсету барысында комиссиялар мен басқа да төлемдерді заңсыз көбейтуде», - деді О. Перепечина.

Комитет басшысы атап өткендей, тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет.

«Жарнамалар үдей түскен кезеңде қаржы өнімдерін пайдалану жөнінде азаматтардың сабырмен шешім қабылдауға білімі мен тәжірибесінің жеткілікті болмауы түрлі қатерлер мен үйлеспеушіліктерге әкеліп соғады», - деді О. Перепечина.

Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов Ұлттық банкінің бастамасы бойынша 2006-2015 жылдар аралығында қаржы қызметін тұтынушыларды қорғауға арналған 40-тан астам ереже қабылданғанын жеткізді.

Атап айтқанда, сыйақылар мөлшерлемесі көлемін банкілер тарапынан өзгертуге, микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестеріне кепілдегі тұрғын үйді соттан тыс сатуға тыйым салынды.

«2016 жылы қарыз алушылардың қарыз алу ауыртпалығын төмендетуге, валютамен ипотекалық қарыз алушыларды валюта бағамдарының құбылуынан берешек болуға тәуелділікті алып тастауға, проблемалық қарыздармен жұмыс жөнінде банкілерді дер кезінде шаралар қабылдауға ынталандыратын түзетулер топтамасы қабылданды. Шетел валютасында кірісі жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасында ипотекалық қарыз беруге тыйым салынды», - деді А.Ахметов.  

Ұлттық банкідегі қаржы қызметін тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының бастығы Александр Терентьевтің айтуынша, Қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асырудың арқасында еліміздегі 20 000-нан астам отбасының жалғыз тұрғын үйі (01.10.2017 жылы 140,1 млрд теңге сомасына 22 887 өтініш мақұлданды) сақталып қалды.

«Қабылданған шаралар проблемасы бар қарыз алушылар қоғамдық бірлестіктерге бірігуімен, олардың басшылары қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі арнаулы комиссиялардың жұмыстарына тартылуымен, дағдарысқа қарсы мемлекеттік шараларға халықтың сенімі арта түсуімен көрініс тапты», - деді А.Терентьев.

Кездесуді қорытындылай келіп, комитет төрағасы Ольга Перепечина қаржы нарығының тұрақты және дәйекті түрде қызмет етуін қамтамасыз ететін, экономиканың, оның ішінде қаржы қызметіне тұтынушылардың талаптарына жауап бере алатын қазіргі заманғы және сауатты шаралар қабылдаудың қажеттігін атап өтті.

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика