Халықаралық интеграция

Жағдайды тұрақтандыру үшін екі ел де дайын болуы керек

Қазақстанға қытай тауарларынан кедендік түсімдер Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылғаннан бері бірнеше есеге азайып кеткен. Қазақстан кедендік делдалдар қауымдастығы кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаков ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қырғыз Республикасымен арадағы шекарада Қазақстан жүргізіп жатқан шаралар контрабанданы азайтудан басқа мақсаттарды көздемейтіні жөніндегі сөзіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Нұр-Сұлтан26 Қазан , 15:46

Оның пікірінше, ең алдымен жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізу үшін екі тараптың да дайын болуы қажет.

«Егер біз тұрақтылыққа қол жеткіземіз десек, тауарын көрсетпеген немесе жасырған, болмаса ашық контрабандаға жол берген қырғыз кәсіпкерлеріне қатысты қатал болу қырғыз үкіметінің еркімен жасалуы керек. Оны тек Қазақстан ғана жасаса, проблема шешілмейді», - деді ол.

Сонымен қатар, ол қазіргі күні ЕАЭО-ның барлық елдері Еуразиялық экономикалық комиссияның импортталған тауарларды рәсімдеу жөніндегі шешіміне сүйенуі керек екеніне тоқталды.

«Қандай да бір жолмен қырғыз басшылығын осы талаптарды сақтауға шақыру қажет. Ондай шараның бірі, тәрізі қамшы мен тоқаш тәсілі болар. Қамшы тәсілінің бір түрі - ол Қазақстанның қазір жасап жатқан шаралары. Ал тоқаш қырғыз үкіметі тарапынан болуы тиіс. Олар осы жолмен, яғни құқықтық алаңмен жүруі үшін өз кәсіпкерлерін ынталандыруы керек», - деді спикер.

Сондай-ақ, Шестаков Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылмай тұрғанда Қазақстанда қытай тауарларынан келетін кедендік түсімдер қазіргіге қарағанда бірнеше есеге көп болғанын айтады.

«Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі офшорына, яғни заңсыз офшорына айналды. Егер бұл заңды офшор болса, көнуге болар еді. Өйткені заңды офшордан тауар тасымалдау формальды қимылдармен жасалады», - дейді ол.

Еске сала кетейік, 25 қазанда Ереванда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қазақ-қырғыз шекарасында жүргізіліп жатқан жұмыстардың саяси астары жоқ екенін мәлімдеді.

«Қазақстан салық құрамына қатысты шығындар мен контрабанданы азайтудан басқа мақсаттарды көздемейді. Бұл біздің одақтағы басқа да көршілерімізге қатысты», - деді Сағынтаев отырыста.

Премьер-министр атап айтқандай, Қытайдан ЕАЭО мемлекеттеріне импортталатын тауарлардың динамикасына жасалған талдау бүгінгі күні Қырғызстаннан басқа елдердің барлығында оның (импаорттың) азайғанын көрсетеді.

«Мысалы 2016 жылы ҚХР мәліметі бойынша, Қытайдан Қырғызстанға тауар импорты 2,6 миллиард доллар болған, ал Қырғызстан мәліметі бойынша – 900 миллион. Қырғызстанға қытай киімдері мен аяқ киімдері Ресей мен қазақстанға қарағанда әлдеқайда көп тасымалданады», - деді Сағынтаев.

 




Яндекс.Метрика