Рухани жаңғыру

Қазақстанның сакралды картасына Жамбыл облысынан 8 тарихи-мәдени нысан енгізілді

Қазақстанның сакралды картасының тізіміне Жамбыл облысынан 8 тарихи-мәдени нысан енгізілді.
Алматы 26 Қазан, 14:32

Сакралды картаға енген нысандар сәулет және археолоогиялық ескерткіштер. Атап айтар болсақ, олар: Тектұрмас кесенесі ХІV ғ., Қарахан кесенесі ХІІ ғ., Айша бибі мазары ХІ-ХІІ ғғ., Бабажы Хатун мазары Х-ХІ ғғ., Байзақ батыр Мәмбетұлының кесенесі, Ақыртас сарай-кешені VІІІ - ІХ ғғ., «Ежелгі Тараз қалашығы» І-ХІХ ғғ, «Меркі-Жайсан ғұрыптық кешені».

Ruh.kz. хабарлағандай,  бұдан басқа, облыста туристік кластерді дамыту мен туристерді өңірге тарту мақсатында академик «К.И.Скрябиннің үй-мұражайы» мен Қарахан кесенесі жанында орналасқан «Ортағасырлық мешіт» қайта қалпына келтіріліп, ортағасырлық Ақыртас кешені қайта жаңғыртылды және оған баратын жол жөнделді.

Сонымен қатар, биылғы жылы Бектөбе (7,0 млн), Георгиевск (5,0 млн.), Тамды (7,0 млн.), Саудакент (5,0 млн.) қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылдары осы нысандарға консервация, музеефикациялау жұмыстарын жүргізу және микросакральдық нысандарға енгізу жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында табылған барлық жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталатын болады.

Бұдан басқа, өткен аптада облыстық жобалық офиске жаңадан «Шу өзені аңғарындағы түркілердің киелі ескерткіштері» атты жобасы ұсынылды. :обаның мақсаты - бүгінгі күнге дейін өз деңгейінде зерттелмеген, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін Жамбыл облысы, Шу өзенінің аңғарында және Меркі елді мекенінен 37 шақырым қашықтықта орналасқан Меркі-Жайсан ескерткіштерінің бұған дейін ашылмаған құпиялары мен сырларын ұғу.  

Жоба аясында шет елдік және отандық тюрколог мамандарды тарту арқылы түркілердің өмір салты мен мәдени идеологиясы жайлы жаңа мағлұматтар жинау жұмыстары жүргізілетін болады. Зерттеу барысында тюркология саласындағы әлемнің жетекші мамандарын, яғни Такаши Осава (Жапония), Боталов Сергей (Ресей), Максим Мордовин (Венгрия), Баян Тотев (Болгария), Бекир Дениз және Омер Займоглуларды (Түркия) тарту көзделіп отыр.         

 

 

 





Яндекс.Метрика