Рухани жаңғыру

БҚО-да «Рухани жаңғыру» музейі ашылады - Алтай Көлгінов

Батыс Қазақстан облысында жыл соңына дейін «Рухани жаңғыру» атты музей ашу жоспарлануда. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ-да өткен өңірдің 2017 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы туралы баспасөз конференциясында хабарлады.
Нұр-Сұлтан 26 Қазан, 12:46

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер өңірімізде жоспарға сай жүзеге асырылып келеді. Латын әліпбиін қолдау, Туған Жер және де бағдарламаның басқа да бағыттарды облыс тұрғындары белсенді қолдайды», - деді сөз басында БҚО әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы қасиетті орындардың тізіміне өңірдегі қандай нысандардың кіргенін атап өтті.  

«Облысымыздан Қасиетті орындар тізіміне алдымен ортағасырлық «Жайық» қалашығы мен «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені кірсе, қазір олардың саны алтауға жетті. Яғни, қосымша Тақсай қорған кешені, (б.з.д VI-V ғ.) Жұмағазы хазірет (ХІХ ғ), Ғұмар Қараш зираты және Жымпитыдағы Алашорда музейі», - деді Алтай Көлгінов.

Ruh.kz хабарлағандай,  жыл соңына дейін Батыс Қазақстан облысында  «Рухани жаңғыру» атты музей ашылады

«Өңірімізде жыл соңына дейін «Рухани жаңғыру» атты музей ашу жоспарлануда. Өңірімізден Қасиетті Қазақстан тізіміне енген тарихи орындардың көшірмелері, латын тілінде шыққан баспасөз, Алаш мұралары және тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері қамтылмақ. Сонымен қатар, аталған бағдарлама бойынша 20 жоба және 113 кіші жоба жүзеге асырылуда», - деп түйіндеді БҚО әкімі. 

 





Яндекс.Метрика