Өңірлер

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 36,4 пайызға өсті

Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрғалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте аймақтың 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланды. Мәжілісте қай салада да жетістік бары айтылды. Дегенмен, алда атқарар жұмыстар да ауқымды.
Қызылорда26 Қазан , 15:14

Кеңейтілген мәжілісте облыс әкімінің орынбасарлары мемлекеттік бағдарламалардың атқарылуы мен Елбасы тапсырмаларының орындалуы туралы есептерін берді.

Мысалы, аграрлық салада өнім көлемін көбейту бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Осыған байланысты ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауда тұрақты өсім қалыптасты. Аймақ еңбеккерлері жарты миллионнан астам тонна күріш жинап, кезекті рет рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Орташа өнім көлемі гектарына – 55,3 центнерден келеді.

Облыс әкімдігі хабарлағандай,  есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 547,9 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Жеңіл, химия өнеркәсібі және мұнай өңдеу өнімдерін өндірудің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,2 пайызға қамтамасыз етілді (78,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді).

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 36,4 пайызға өсіп, 467,0 мың ш.м. құрады. Биыл облыста 47 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 24-і пайдалануға берілген.

Индустрияландыру картасы шеңберінде облыста 20 жоба жүзеге асырылып, бүгінде 16-ы толық өндірістік қуаттылыққа шықты.

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар экспорттаған өнім көлемі соңғы жылы 23 пайызға артып,  импорттаушы елдердің саны 8-ден 11-ге өсті (Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Дания, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай, Ұлыбритания, Польша, АҚШ, Тайван).

«Басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру. Насихат пен түсіндіру жұмыстарының уақыты өтті. Ендігі жерде нақты іс-қимылды күшейтетін кез келді. Әсіресе, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша. Өмірде өз орнын таппаған жандар әлеуметтік мәселенің туындауына себепкер болып жатады. Сондықтан, біз келешекте еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жерлестерімізді оқытуды қолға алып отырмыз. Қуанатын жайт, биыл мектеп бітірген қызылордалық түлектердің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. Осылайша, жастарға сенімді болашаққа бағыт беріп қана қоймаймыз, маргинал жастардың қатарының азайуына да өз үлесімізді қоса аламыз», – деді облыс әкімі.

Тек жыл басынан бері өңірге 11 елдің өкілдері келіп, өнеркәсіп, кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, білім беру және т. б. салалардағы бірлескен жобаларды талқылады.

Айта кетейік, 15-16 қарашада өңірге келетін инвесторлардың алаңына айналған Қызылорда мен Байқоңыр қалаларында кезекті "Байқоңыр-инвест" халықаралық форум өтеді.

 

 




Яндекс.Метрика