Заңның үстемдігі

Сенатта медиация институтын дамытудың келешегі талқыланды

Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің ұйымдастырумен «Дауласушылылықты төмендетудегі медиация рәсімінің рөлі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 26 Қазан, 10:14

Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА), Жоғарғы соттың, мемлекеттік органдардың және сарапшылар қауымдастықтарының өкілдері медиация институтының жай-күні және оны дамытудың келешегі, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ауқымды мәселелерді қарады.

Сенат комитетінің төрағасы Георгий Ким шараны аша келіп, дауларды медиатордың қатысуымен реттеудің құқықтық негізі 2011 жылы «Медиация туралы» заңмен жасалғанын және медиация әлеуметтік-құқықтық институт ретінде қалыптасқанын атап өтті. Сонымен бірге сенатордың пікірінше, қолданыстағы заңда бірқатар олқылықтар да бар. Атап айтқанда, құжатта медиация рәсімдері үстірт түсіндіріледі, кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың білімі мен біліктілігіне нақты талаптар белгіленбеген. Әлемдік тәжірибе де, Қазақстанның ерекшеліктері де заңда толықтай ескерілмеген.

Г. Ким шетел тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, медиация институты табысты жұмыс істеп келе жақтан елдерде даулардың 80 пайызы соттан тыс қаралатынын атап өтті. Ал біздің елімізде оның артықшылықтарынан жұртшылықтың бейхабарлығынан кеңінен қанат жая алмай отыр. Сенатордың айтуынша, медиация барысында қол жеткен келісімдерде әр тараптың мүдделері қорғалатыны әрі дауласушы тараптарды бітістіруге ықпал ететіні, ал сот шешімі тек бір тарапты ғана қолдайтыны, оның өзінде толықтай қанағаттандырмайтыны туралы қазақстандықтардың хабары аз. ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай қоғамдық медиаторлар институтын қалыптастыру және әлеуметтік дауларды реттеудің алдын алу құралы ретінде кәсіби медиацияны дамытудағы Ассамблеяның тәжірибесімен бөлісті.

«Ассамблея медиациясының жалпы республикалық инклюзивтік желісі дамып келеді. ҚХА Медиация кеңесі құрылды, Достық үйлерінде 16 медиация бөлмесі ашылды, облыстарда медиацияның 13 кеңесі жұмыс істейді, аудан, село және ауыл деңгейіндегі қоғамдық келісім бөлмелерінің саны 1019-ға жетті», - деді Д. Мыңбай. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова өз сөзінде әлеуметтік-еңбек дауларын шешудегі медиация рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, қазіргі кезде салыстырмалы түрде қарағанда кәсіби медиаторлардың араласуымен қаралған істерде еңбек дауларының үлесі өте аз. Министрдің орынбасары еңбек даулары бойынша тек Елордада ғана медиаторларға назар аударылатыны туралы айтты. Басқа аймақтарда медиаторлар көмегіне сирек жүгінеді.

Жоғарғы соттың судьясы Нұрия Сисенова, ІІМ тергеу департаментінің бастығы Мұхаран Әміров, Республикалық адвокаттар алқасының атқарушы директоры Сергей Сизинцев, Павлодар қаласындағы «МИР» медиация орталығының директоры Салтанат Қайдарова, «Келісу» кәсіби медиаторлары одағының» директоры Сара Ыдырысова сөз сөйледі. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп, мүдделі органдарға жіберілетін болды және заң шығару жұмыстары барысында ескеріледі.
 





Яндекс.Метрика