Экономика

Астананың 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасы мақұлданды

Астана қаласы әкімдігінде қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында кеңес мүшелері 2018-2020 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасын мақұлдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Нұр-Сұлтан25 Қазан , 17:34

Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында белгілі болғандай 2020 жылға дейінгі Астана қаласының бюджеті жалпылай алғанда 875,5 млрд теңгені құрайды. Оның 346 млрд теңгесі 2018 жылға, 257,2 млрд теңгесі 2019 жылға және 272,3 млрд теңгесі 2020 жылға қарастырылған. Астана қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі Ерғали Егембердінің айтуынша, алдағы 3 жылға арналған елорданың бюджет жобасы бұрынғыдай әлеуметтік салаға басымдық берген. Осылайша, бюджет қаржысының 110 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бөлінетін болады. Бұл жалпы бюджеттің 31,8%  құрайды.  

«Мәселен, денсаулық сақтау саласының бюджеті 9,5 млрд теңге көлемінде жоспарлануда. Білім беру басқармасына 44 млрд теңгені, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына 9,7 млрд теңгені бөлу көзделген. Бөлінген қаржы А гепатитіне қарсы вакцинаны сатып алуға, ана мен баланы қорғау қызметтеріне, білім беру қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін жақсартумен байланысты сұрақтардың шешіміне, бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуға, міндетті әлеуметтік жәрдемақылармен, төлемақылармен қамтуға, қаладағы қоғамдық көліктермен тегін жүру шараларына, жұмыспен қамту шараларына жұмсалмақ», - деп мәлімдеді қоғамдық кеңестің мүшелері алдында баяндама жасаған Ерғали Егемберді.

2018 жылғы негізгі іс-шаралар Астананың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бағытталады. Қазіргі таңда әкімдік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы 158 іс-шараны қамтитын жоспарды бекітті. Сондай-ақ, Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» тұжырымдамасы бар. Осы құжаттардың негізіндегі іс-шаралар бюджет және бюджеттен тыс қайнар көздердің есебінен жүзеге аспақ.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жетекшісінің мәліметтеріне сүйенсек, Астана қаласын дамыту бағдарламасына сәйкес, жалпы өңірлік өнімнің өсу қарқыны 2018 жылғы 4,1%-дан 2020 жылғы 7%-ға дейін өсетін болады. Осылайша, 2020 жылы елорданың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 7,5 трлн. теңгеге жететін болады.

Айта кетейік, отырыс барысында бюджет жоспарынан бөлек, коммуналдық қызметтердің тарифтері, мұнай өнімдерінің бағасымен байланысты мәселелер қаралды.

 

 




Яндекс.Метрика