Басқару

Д.Ақышев: Қазақстанда тұратын болғандықтан жинағымды теңгелей жинақтаймын (ФОТО)

Қазақстанда тұратын болғандықтан жинағымды теңгелей жинақтаймын, деп мәлімдеді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында қойылған сұраққа жауап беру барысында.
Нұр-Сұлтан 25 Қазан, 12:11

«Мен Қазақстанда тұратын болғандықтан жинағымды теңгелей жинақтаймын. Осындай тақырыптағы сұрақтарға талай жауап бергенмін, осы елдің азаматы болғандықтан қаржымды теңгелей жинақтау қалыпты жағдай деп ойлаймын», - деп жауап берді Данияр Ақышев.

Ұлттық банктың мәліметі бойынша, бүгінде ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі қыркүйек айында 9 581,0 млрд. теңгеге дейін 9,3%-ға, шетел валютасындағы депозиттер 9 111,5 млрд. теңгеге дейін 2,5%-ға  ұлғайды. Долларлану деңгейі қыркүйектің соңында 48,7%-ды құраса, тамыз айында ол 50,3 % болған. 

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2017 жылғы қыркүйекте 6 077,4 млрд. теңгеге дейін 14,9%-ға, шетел валютасындағы депозиттер 4 495,6 млрд. теңгеге дейін 3,9%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 42,5%-ы) ұлғайды.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 3 503,6 млрд. теңгеге дейін 0,8%-ға, шетел валютасындағы депозиттері 4 615,8 млрд. теңгеге дейін 1,2%-ға (жеке тұлғалар депозиттерінің 56,8%-ы) өсті. 

Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда іс жүзінде өзгермей, 12 345,2 млрд. теңге болды (0,1%-ға өсті). Олардың құрылымында ұлттық валютамен салымдар 5 920,5 млрд. теңге, шетел валютасымен – 6 424,8 млрд. теңге болды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 8,1% (2016 жылғы желтоқсанда – 10,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 12,1% (12,2%) деңгейінде қалыптасты.

Мөлдір Асқарқызы

Фото: Бауыржан Жуасбаев 





Яндекс.Метрика