Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Маңғыстаулық студенттер сыблайлас жемқорлыққа қарсы бірікті

Ақтауда өткен «Жемқорлықсыз болашақ» атты облыстық жастар форумы аясында, «Жастар - жемқорлыққа қарсы» атты пікірсайыс турнирінің және театрландырылған көріністер байқауының жеңімпаздары анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Маңғыстау 25 Қазан, 10:51

Форумда алғашқы болып сөз алған "Маңғыстау облысы Азаматтық Альянсы" ЗТБ президенті Жібек Ахметова, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру әрбір азаматтың парызы екендігін еске салды. 

«Өсіп келе жатқан жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін арттыру маңызды мәселе болып қала бермек. Бүгінде еліміз бойынша «Жастар жемқорлыққа қарсы», «Парасыз болашаққа бірге», атты бірнеше тақырыпта жиындар өткізіліп келеді. Мұндай шараларға маңғыстаулық жастардың да белсенді қатысып келе жатқандығы қуантады», - деді ол.

Жастар форумында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, өңірлік коммуникациялар қызметі, облыстық ішкі саясат басқармасы, жастар саясаты мәселелері басқармасы, әділет департаменті, білім басқармасы, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері сөз сөйледі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова болса, сапалы білім алу үшін кедергі келтіретін бірден-бір фактор - сыбайлас жемқорлық болып табылатынын алға тартты. 

«Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласында біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген болатын. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесін білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді деген еді. Сол себепті сыблайлас жемқорлық деректерін оқу орындарынан бастау керек. Яғни, осындай жастар форумының берері мол», - деді департамент басшысы.

 «Жастар - жемқорлыққа қарсы» атты пікірсайыс турнирі алты тақырып бойынша өтті. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді механизмі, жемқорлықтың елдің дамуына кедергі келтіретін негізгі факторы, сыбайлас жемқорлықпен күресудегі ең үздік тәжірибе, халықтың құқықтық сауаттылығының деңгейі, қағазбастылық сыбайлас жемқорлықтың негізгі себебі, латын қарпіне көшу. Турнирге облысымыздың колледж, жоғарғы оқу орындарының студенттері және мектептің жоғарғы сынып оқушылары қатысты. 

Ал театрландырылған көрініс байқауына шаһардағы 11 колледж студенттері белсенді қатысты. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі үшінші орын иегері - политехникалық колледжі, екінші орынды иеленген - гумманитарлық колледжі, ал ең үздік көрініс көрсеткен - Маңғыстау өнер колледжі жеңімпаз деп танылды. Сонымен қатар, туризм колледжінің студенттері «Әртістік шеберлік» номинациясы бойынша марапатталса, «Үздік талпыныс», «Үздік спикер» және «Үздік төреші» номинациялары бойынша да марапатталғандар болды. Барлық қатысушыларға диплом мен алғыс хат, ал жеңімпаздарға ақшалай сыйақы берілді.   

«Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру жобасы аясында өткен форум, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Білім ордаларында оқушылар мен студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстаным қалыптасып келе жатқандығын, театрландырылған көріністер байқауынан көрдік. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру түсініктері жан-жақты ашылып көрсетілді», - деді қорытындылау сөзінде Жібек Ахметова, «Маңғыстау облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті.

Айта кету керек, облыстық жастар форумына қатысушылар саны 250 студентке жетті.   





Яндекс.Метрика