"Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы

Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық саланы қаржыландыруды арттырады – А.Айыпханова (ВИДЕО)

Еліміздің аумағы үлкен болғандықтан және халықтың шоғырлануы әртүрлі болуына байланысты сапалы медициналық қызмет көрсете алмай отырмыз. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова хабарлады.
Нұр-Сұлтан 25 Қазан, 09:12

«Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап медицинаның барлық салаларына жобалық менеджмент әдісі енгізілді. Бұл жоба қағазбастылықтан арылтады. Ол екі жылға есептелінген. Оның аясында 140 міндетке қол жетікізуіміз керек. Жобалық менеджмент әдісінің ерекшелігі оның басы мен аяғы бар. Ол нақты жұмыс кезеңдеріне бекітілген. Нақты қандай мерзімде қандай нәтижеге қол жеткізу керектігі аталып көрсетілген. Жалпы, бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі іштей он жобаны жүзеге асыруда», - деді сөз басында Айнұр Айыпханова.

Маманның айтуынша, медициналық санитарлық алғашқы көмек көрсету саласында проблемалар жетерлік, соның бірі қаржы мәселесі.

«Жасыратыны жоқ, бүгінде медициналық санитарлық алғашқы көмек көрсету саласының проблемасы жетерлік. Соның бірі қаражаттың бөлінуі. Елімізде бюджеттен бөлінген қомақты қаражаттың 60% ауруханаларға, қалған 40% амбулоториялық емдеуге, яғни емханаға бөлінеді. Ал, дамыған елде жағдай мүлдем бөлек. Керісінше, амбулаториялық емдеу саласына қаржының 60%-дан астам бөлігі бағытталады. Сонымен қатар, еліміздің аумағы үлкен болғандықтан және халықтың шоғырлануы әр түрлі болуына байланысты білікті мамандармен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Осы ретте, шалғайдағы халық қажеті болмаса да емхана болмағандықтан жақын орналасқан ауруханаға жатып емделуге мәжбүр» , - деп толықтырды Айнұр Айыпханова.

Бұдан басқа, брифинг барысында спикердің жедел жәрдемнің шақыртулар бойынша келу уақытына қатысты түсініктеме беруі сұралды.

«Бүгінде жедел жәрдемнің төрт түрі бар, олардың келу уақыты үш түрлі санатқа қарай бекітіледі. Ол он минуттан басталады. Жалпы уақыт жиырма бес минут болып табылады. Рас, біз мойындаймыз, бұл уақыттың тым көп. Осы мәселе тұрғысында ведомствода жұмыстар жүргізілуде. Тағы да қайталап айтамын, мұның барлығы маман тапшылығына байланысты», - деп баса айтты Айнұр Айыпханова.

Сөз соңында спикер КСРО кезіндегі медициналық қызмет көрсету саясатының артықшылығына тоқталды.

Оның айтуынша, кеңес заманында жаңадан медициналық оқу орынды бітірген жас маман алғашқы үш жыл шалғайдағы елді мекендегі халыққа қызмет көрсетуге арнауға міндетті болған. Осылайша, сол кезде маман тапшылығы өз шешімін тауып отырған.

Айта кетерлік жайт, бұл саясатты бүгінде Түркия мемлекеті де қолданып отыр. Онда мемлекет есебінен білім алған жас маман шалдайда орналасқан ауылда алғашқы үш жылын жұмыс істеумен өткізуге міндетті.

Мөлдір Асқарқызы





Яндекс.Метрика