"Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасы

АББ өз нәтижесін беруде - Лаура Ахметниязова (ВИДЕО)

Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұсынуды жетілдіру үшін созылмалы ауруы бар пациенттерді белсенді бақылауға негізделген ауруларды басқару бағдарламасын (АББ) енгізу жөніндегі жоба іске асырылуда. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Лаура Ахметниязова хабарлады.
Нұр-Сұлтан 25 Қазан, 10:13

«Бүгінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұсынуды жетілдіру үшін созылмалы ауруы  бар пациенттерді белсенді бақылауға негізделген ауруларды басқару бағдарламасын (АББ) енгізу жөніндегі жоба іске асырылуда. Бұл аурулар қатарына қант диабеті, артериалды гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі жатады. Жалпы,  бағдарламаның нәтижесінде пациенттің 75 % -ында артериалды қан қысымы тұрақты екенін, қант диабеті бар пациенттердің 65%-ының қан көрсеткіштерінде оң динамика бар екенін көрсетті. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерді емдеуге жатқызу жағдайлары 2 есеге дейін төмендеген», - деді Лаура Ахметниязова.

Ағымдағы жылы жоба барлық 16 өңірде немесе 53 емханада іске асырылуда.

«Жалпы республикада, әсіресе республикалық деңгейдегі қалаларда бір жалпы практика дәрігеріне 2,5-3 мың тұрғыннан келеді.  Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта осы көрсеткішті бір жалпы практика дәрігеріне 1,5 мың тұрғынға дейін азайтуға бағытталған іс-шараларды қарастырып отыр. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және медициналық алғашқы көмек көрсететін, жалпы практика дәрігерлері халыққа барынша жақын болып бірге қабылдау жүргізетін шағын жеке клиникаларды дамыту арқылы жасалатын болады», - деп бөлісті спикер.

Бұдан басқа, МСАК деңгейінде 0-ден 6 жасқа дейінгі балаларға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін тіркелген 1500 тұрғынға дейін төмендету мақсатында педиатрия учаскелерін қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Қабылданып жатқан шаралар 2024 жылға қарай 0-ден 6 жасқа дейінгі балаларға педиатриялық учаскелерде қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.    

Мөлдір Асқарқызы 

 





Яндекс.Метрика