Экспорт

Қытайлық кәсіпкерлер Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция құюға мүдделі

Қытай агроөнеркәсіптік қауымдастығының төрағасы Лю Джингпинг Павлодар облысында жұмыс сапарымен болып қайтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Павлодар 24 Қазан, 18:54

Жұмыс сапарының алғашқы күні қытайлық қауымдастықтың төрағасы Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кеңесте павлодарлық шаруалардың мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.

Кеңеске, сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Инвестиция тарту жөніндегі аймақтық агенттіктің және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты. Одан соң мейман серіктестік қарым-қатынас орнату мақсатында Жолқұдық элеваторына барып қайтты.  

«Сапар нәтижесінде қытайлық тарап аймаққа инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарға, қытайлық серіктестермен жұмыс істеуге деген дайындығымызға жоғары баға берді, сондай-ақ болашақтағы ынтымақтастыққа арналған жоспарларды айқындады. Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығы саласында сауда экспорттық-импорттық алаң құру жоспарланып отыр. Алаңдардың бірі Астанада, ал екіншісі Қытайдың Гуйчжоу қаласында орналасады. Онда Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылық өнімдері ұсынылатын болады. Аталмыш алаңдар қытайлық сатып алушылармен тікелей кездесу мүмкіндігін бермек», – дейді «Kazakh Invest» АҚ аймақтық өкілі.

Оған қоса, Аспан асты елінің кәсіпкерлері Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция құю жайлы ойлануда. Қытайлық кәсіпкерлерге жерді жалға беруге салынған тыйымға байланысты олар қазақстандық жер иелерімен ынтымақтасып, оларға өз құрал-жабдықтарын бермек. Ал жергілікті шаруалар ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысады. Маусым соңында тауар қытайлық тарапқа жеңілдікті бағаға сатылатын болады. Бұл өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлерге пайда әкелмек.





Яндекс.Метрика