Үкімет

Алматыда «ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы – 2017» форумы өтуде

Бүгін «ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы – 2017» форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың ЭЫДҰ бас хатшысы Анхель Гурриамен және форумға қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен кездесуі өтті, деп хабарлады primeminister.kz.
Алматы қаласы 24 Қазан, 13:01

Кездесу барысында 2015 жылдан бастап Қазақстан мен ЭЫДҰ-ның тәжірибемен алмасудың сапалы жаңа платформасы — Ынтымақтастықтың қол қойылған елдік бағдарламасы аясында белсенді өзара іс-қимыл жасасу кезеңіне өткені аталып өтті. Ұйым биыл бағдарламаны 2018 жылға дейін ұзарту ұсынысын мақұлдады.

Екі тарап ҚР мемлекеттік органдарының ЭЫДҰ-ның комитеттері мен жұмыс топтарының қызметіне қатысу деңгейін арттыру бойынша іс-әрекеттер жоспарының тиімділігін талқылады. Қазақстанның Білім беру саясаты жөніндегі комитетте «Қатысушы» деңгейіне дейін және Құрыш комитетінде «Қауымдастырылған мүше» деңгейіне дейін өз мәртебесін арттыру жолында сапалы жұмыстар жүргізіп жатқаны аталып өтті.

Бұдан өзге, Қазақстанның ЭЫДҰ-ның Бәсекелестік жөніндегі комитетіне 2019–2020 жылдары толық құқықты мүше ретінде кіру мәселесі талқыланды. Қазақстандық сарапшылар қазіргі таңда ЭЫДҰ-ның бәсекелестік мәселесіне қатысты барлық ұсыныстарын енгізу туралы белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар өзара тығыз іс-қимылды одан әрі жалғастыруға әзір екендерін білдірді.

2015 жылдың наурыз айында ЭЫДҰ-мен «ҚР монополияға қарсы заңнамасы мен саясатына шолу» жүргізу туралы келісімге қол қойылған. 2016 жылғы 17 маусымда Қазақстан монополияға қарсы заңнамасындағы оң өзгерістердің арқасында ЭЫДҰ-ның Бәсекелестік жөніндегі комитетіне қатысушы ретінде кірді.

Еске сала кетейік, жақында Астанада Бақытжан Сағынтаев пен Анхель Гуррианың келіссөздері жүргізіліп, онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

 

 





Яндекс.Метрика