Парламент

ЭЫДҰ Бас хатшысы Қазақстандағы реформаларға оң баға берді

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш рет келген ЭЫДҰ Бас хатшысы Анхель Гурриамен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан 23 Қазан, 16:21

Сенат басшысы Қазақстан халықаралық аренадағы біздің еліміздің маңызды әріптесі болып табылатын ЭЫДҰ-мен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін атап өтті.

«ЭЫДҰ елдері Қазақстан үшін үлгі тұтатын бағдар болып табылады», - деді Қ.Тоқаев.

Тараптар ЭЫДҰ-ның Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі елдік бағдарламасының жүзеге асуын талқылай келіп, оның өнімділігі мен өзектілігін атап өтті.

ЭЫДҰ-ның Қазақстанға арналған елдік бағдарламасы инклюзивті және тұрақты экономикалық өсуге, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың осал топтарына қолдау көрсетуге, сондай-ақ гендерлік мәселелерді шешуге жағдай жасауға бағытталған. Елдің бағдарламаның үштен бірі әлеуметтік мәселелерге арналған.

 А.Гурриа Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді және ЭЫДҰ-ның елімізге қажетті консультативтік көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. ЭЫДҰ Бас хатшысы Қазақстанда Еуразия апталығын өткізуге қолдау білдіргені үшін алғысын білдірді, сондай-ақ Ұйымның парламенттік желісі аясында ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.

ЭЫДҰ басшысы Сенат Төрағасын Ұйымның парламенттік шараларына қатысуға шақырды. Кездесу соңында Қ.Тоқаев Қазақстан ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тәжірибесін барынша пайдалануға және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін келешекте Ұйымның сараптамалық әлеуетін пайдалануға ниетті екенін атап өтті.
 





Яндекс.Метрика