Үкімет

Ағымдағы жылғы 9 ай қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 69,9 мың тұрғын үй тапсырылған

Ағымдағы жылғы 9 ай қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 69,9 мың тұрғын үй немесе 9 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлім етті.
Нұр-Сұлтан 23 Қазан, 12:26

«9 ай қорытындысы бойынша 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 10,2%-ға жоғары. Жалпы тұрғын үйді пайдалануға беру жылдық жоспар бойынша 78,2%-ға орындалған. Барлығы 69,9 мың тұрғын үй салынған», - деп хабарлады министр.

Оның айтуынша, егер өткен жылмен салыстыратын болсақ, тұрғын үйді пайдалануға беру қарқынының ұлғаюы Алматы облысын қоспағанда, еліміздің барлық өңірлерінде байқалады. Жеңіс Қасымбек айтып өткендей, бұл өткен жылы өңірде ЖТҚ бойынша тұрғын үйдің ауқымды заңдастырудың жүргізілуімен байланысты.

Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы аудандарына қажетті инфрақұрылымды өткізуге 83,4 млрд теңге көзделген.  

«Желілермен абаттандыру бойынша қаражаттың төмен игерілуі Алматы қаласында (85,9%), Жамбыл (87%) және Павлодар (88,5%) облыстарында байқалады. Тұрғын үй құрылысына 591,3 млрд теңге инвестицияланған, соның ішінде 108,4 млрд теңге – мемлекеттік инвестиция. Бұдан бөлек, 2018 жылға арналған бюджет бойынша әкімдіктер инженерлік коммуникацияларды өткізуге қосымша 7,1 млрд теңге сомасына жобалар ұсынған», - деп қосты ол.

ҚР ИДМ басшысы ағымдағы жылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 25 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Осы ретте, 5 936 пәтердің құрылысы басталып, оның ішінде 2 697 пәтер биыл пайдалануға беріледі.

«Бүгінгі күні 78 пәтер пайдалануға енгізілген, бұл Атырау және Жамбыл облыстарында 4,9 мың шаршы метр, қалғандары жоспар бойынша жыл соңына дейін енгізілетін болады», - деді Ж. Қасымбек.

 Еске сала кетейік, Үкімет отырысында ҚР ҰЭМ басшысы Тимур Сүлейменов ағымдағы жылғы 9 ай қорытындысы бойынша "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы айтып өткен болатын

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика