Рухани жаңғыру

Қызылордада Ш.Есеновтың мерейтойы аталып өтіледі

Қызылорда облысында мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Шахмардан ЕсеновтІң 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтуде.
Қызылорда23 Қазан , 15:31

Облыс әкімдігі хабарлағандай, облыс орталығында өткен шаралар ғалымның бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталып, «Қазақстанның кен ресурстары: игерілуі, даму барысы мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты.

Конференцияда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Шахмардан Есеновтің қазақстандық геология-минералогия ғылымына қосқан еңбегін атап өтті.

«Шахмардан Есенов Ғылым Академиясын басқарып тұрған кезеңдерде Сыр өңірінің жер асты қазба байлықтарын барлауды қолға алу қажеттігін батыл дәлелдеді. Бүгінде қорғасын мырышты өндірумен айналысатын «Шалқия кенішінің», «Құмкөл» мұнай кенішінің, Аралдағы өте жоғары сапалы кварц құмы кен орнының ашылуына зор еңбек сіңірді. Бұған қоса аймақта алтын мен күміс те бар екендігін алғаш ғылыми дәйектеген де Шахмардан Есенов болды. Міне, қазақтың маңдайына біткен асыл да, атпал азаматтың бастамасы бүгінде Сыр өңірінде кеңінен қанат жаюда. Аймағымыз «Хорасан-2» кенішінде жерасты қазба байлығын өндіруде айтарлықтай табысқа жетіп келеді. Уран өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындардың бірі - «Байкен-U» ЖШС-і кәсіпорнында бүгінде 497 адам жұмыс жасауда. «Шалқия» кенішінде 500-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Өндіріс орны тоқырап қалған тұста өзге өңірлерге көшіп кеткен мамандар елге қайта оралуда. Таяу арада кәсіпорын толықтай іске қосылған кезде мұнда 1540 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады», - деді аймақ басшысы.

Қайраткер рухын ұлықтаған шарада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг институтының проректоры Гүлсара Жолдасбаева және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары Ш.Есеновтің қазақ ғылымы үшін қыруар еңбек сіңірген тұлға екендігін атап өтті.  

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми орталық кітапханасында қайраткердің өмір жолы мен еңбектеріне арналған "Өнегелі өмір" және "Шахмардан" кітаптарының тұсаукесері өтті.

 

 




Яндекс.Метрика