Үкімет

ҚР АШМ: ағымдағы сәтте 759 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған

ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов Үкімет отырысында ұсақ шаруа және жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге тарту бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.
Нұр-Сұлтан 23 Қазан, 11:02

«Бүгінгі күні 759 бірлік тіркелген, соның ішінде сүт дайындау бойынша - 270 бірлік және ет өндіру мен дайындау бойынша - 371 бірлік. 102 587 ІҚМ басына арналған отбасылық бордақылау алаңдары құрылған. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тауар өндірісіне 56 мың ЖҚШ мен ұсақ шаруа қожалықтары тартылған. Кооперативтер 44 мың тоннадан астам сүт және 13 мың тонна ет дайындаған, 1,0 мың тоннаға жеміс-көкөніс өнімін дайындау бойынша инфрақұрылым жасалған», - деді Қ. Айтуғанов. 

Бірінші вице-министрдің айтуынша, бұл биылғы жылы сүт өңдеу кәсіпорындарының орташа жүктемесін  60-тан 65%-ға дейін, ал ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 55-тен 60%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Кооперативтер жұмыс істейтін кәсіпорындар бойынша, мысалы сүт кәсіпорындары бойынша 64 сүт зауытының жүктемесі 20-25% ұлғайған. Мал шаруашылығы саласында атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша ет өндіру көлемдері - 4,7%, сүт - 2,9%, құс еті - 17,4% және жұмыртқа  4,8% ұлғайған», - деп атап өтті Қ. Айтуғанов. 

Оның хабарлауынша, мал шаруашылығы саласындағы өнім өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 3,3% ұлғайған.  

Министрліктің мәліметі бойынша, бүгінгі күні дәнді дақылдарды жинау аяқталды. Дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдар көлемінің15,3 млн гектары жиналған. Сондай-ақ қант қызылшасын жинау жүргізілуде. 

«Басым дақылдар өндірісін қайта бағдарлау сол ауданнан өнімнің жалпы шығарылымын екі есе ұлғайтуға және өсімдік майы бойынша өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін 30-дан 36%-ға дейін, қант бойынша 37-ден 50%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Тұқым шаруашылығын қолдау және минералды тыңайтқыштарды пайдалану бойынша қабылданған шаралар элиталық тұқымдарды пайдалану үлесін  5,2%-ға дейін ұлғайтуға және төмен сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін 1,6 есе қысқартуға мүмкіндік берді», - деді Қ. Айтуғанов.

Айта кету керек, ағымдағы жылы үшінші класқа жататын бидай үлесі 63% құрайды, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 44% құраған болатын. Қайрат Айтуғановтың хабарлауы бойынша, мал шаруашылығы саласында субсидиялардың 90 түрі қайта қаралған. 

 

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика