Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы «Халықтық кеңсе» ашылды

Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы «Халықтық кеңсе» ашылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Бас прокурорының орынбасары А. Лукинді «Халықтық кеңсе» жұмысымен таныстырды.
Ақтөбе 23 Қазан, 10:14

Өңір әкімдігінде хабарлағандай, жұмысын осы жылдың 25 қыркүйегінде  пилоттық тәртіпте бастаған «Халықтық кеңсе» қызметі алғашқы күннен бастап-ақ үлкен сұранысқа ие – ашылғаннан бері халыққа 20 мыңнан аса қызмет көрсетілді.

«Халықтық кеңсе» іске қосылысымен ақтөбеліктер бір мемлекеттік қызметті алу үшін түрлі сатыларды араламайтын болады. Мамандар тиісті мемлекеттік органдарға жіберуі үшін өтініш жазса ғана болғаны. Бүгінде мұнда қызметтердің 600-ден аса, соның ішінде мемлекеттік түрі көрсетіледі. Бұдан өзге Ақтөбе қаласының әкімі мен оның орынбасарлары «Халықтық кеңседе» азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды.

Жоба мемлекет басшысының «Жүз нақты қадам» ұлт жоспарындағы транспарентті және халыққа есеп беретін мемлекетті құру бөлімінде көрсетілген тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.

Жергілікті атқарушы органдардан өзге «Халықтық кеңседе» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, «Даму» қоры, коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері және тағы басқалар  жұмыс жасайды. Мұнда Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «ҚазПошта» АҚ да орналасқан.

Андрей Лукин, сондай-ақ, «Халықтық кеңсе» ғимаратында орналасқан Құқықтық қызметтер орталығының жұмысымен де танысып шықты. 

«Халықтық кеңсе» - ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен облыстық прокуратураның облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырған жобасы. Жобаның мақсаты – азаматтардың мемлекеттік және құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру, олардың жүгіну құқықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, сапалы құқықтық қызметтерге «бір терезе» принципі бойынша қол жеткізуді арттыру.

Орталық құқық қорғау және атқарушы органдармен мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдану сұрақтары бойынша көрсетілетін құқықтық қызметтердің барлық түрін ұсынады. Мұнда ақтөбеліктер прокуратура, ішкі істер, әділет органдарының, облыс әкімдігінің қызметкерлерінің, сондай-ақ, қорғаушылар мен медиаторлардың кеңестерін алуға мүмкіндіктері бар.





Яндекс.Метрика