EXPO-2017

Қазақстан БАӘ-мен ЭКСПО көрмесін өткізу тәжірибесімен бөлісті

Қазақстандық делегация Дубайда өтетін ЭКСПО-2020 көрмесіне арналған халықаралық қатысушылар жиналысына (IPM) қатысты.
Әлемде23 Қазан , 09:34

2020 жылғы 20 қазаннан 2021 жылғы сәуір аралығындағы кезеңде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін ЭКСПО-2020 дүниежүзілік көрмесінің басталуына дейін үш жыл бар. Дубай ЭКСПО-2020 көрмесін ұйымдастырушылар іс-шараға дайындық барысын талқылау үшін 180 елден делегация жинады. Қазақстанның делегациясын «Астана ЭКСПО-2017» ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов басқарды.

«Қазақстан үшін ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысу – бұл өз жетістіктерін таныстыру мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар біздің елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың тағы бір жолы да. Дубай ЭКСПО-2020 көрмесінің тақырыбы Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбына өте ұқсас. Астанада ұсынылған инновациялық әзірлемелер мен идеялар ЭКСПО-2020 көрмесінде одан әрі дами түсетініне сенімдіміз», - деді Ахметжан Есімов екіжақты кездесу барысында.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК" АҚ мен «Дубай ЭКСПО-2020» Бюросы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру аясында Астанада көрме өткізу кезеңінде «Дубай ЭКСПО-2020» Бюросының өкілдері Астанаға бірнеше рет келген болатын. 

«Біз Астана ЭКСПО-2017 көрмесінен алған тәжірибе үшін алғысымызды білдіреміз.  Дубай ЭКСПО-2020 Ұйымдастыру комитеті ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру мен өткізудің барлық кезеңдерін іс жүзінде көре алды. Біздің департаменттеріміздің өкілдері көрменің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, операциялық басқару және ІТ-жүйелерді қамтамасыз ету мәселелерін зерттеді. Бұл тәжірибе біздің жобамыздың сәтті өткізілуіне көмек болады», - деп атап өтті БАӘ Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік министрі,  «EXPO-2020 DUBAI» Бюросының бас директоры Рим Ибрахим аль-Хашеми.

Жалпы ауданы 438 га болатын көрме кешені  «Jebel Ali» ауданында орналасады.  ЭКСПО-2020 Дубай көрмесі жабылғаннан кейін ол зерттеу орталығы және университет ретінде жұмыс істейтін болады.




Яндекс.Метрика