Білім беру

Ғылымның басты тренді – жасанды интеллект

Бүгінгі күні ғылымдағы басты тренд – барлық салаларда жасанды интеллект енгізу. Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Асланбек Амрин Астанадағы «Ғылым мен бизнес интеграциясының құралдары ретінде технологияларды коммерцияландыру» халықаралық форумында мәлім етті.
Нұр-Сұлтан 20 Қазан, 14:08

«Әлем биотехнология, цифрландыру, жасанды интеллект, нейрожелілер сияқты бағыттарды дамыта отыра, үлкен серпін жасады. Бүгінгі күні ғылымдағы басты тренд – барлық салаларда жасанды интеллект енгізу», - деді А. Амрин.

Вице-министр болашақта зертханашылар, құрметті ғалымдар жұмыс істеген жерлерде енді нейрожелілер жұмыс істейтінін атап өтті.

«Болашақта зертханашылар, құрметті ғалымдар жұмыс істеген жерлерде енді нейрожелілер жұмыс істейтін болады. Қазір нейрожелілер контентті талдап қана қоймай, болашақта не болатынын да болжай алады», - деді А. Амрин.

Сондай-ақ ол Қазақстанда бүгінгі таңда динамикалық өзгерістерге қарамастан, инновациялардың, ғылыми жарияланымдардың деңгейі әлемдік трендтермен салыстырғанда аса жоғары емес екенін де айтып өтті.

«Осы трендтерден қалып қоймау және өзгерістерге дайын болу үшін, білім және ғылым министрлігі ғылым саласында кезең-кезеңмен өзгерістер жүргізе бастады», - деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар, ол өтінімдер беру толығымен автоматтандырылғанын да айтты.

«2017 жылы Парламенттің арқасында біз Астанада Халықаралық ғылыми-техникалық орталық ашу туралы келісімді ратификацияладық. Орталық 4 жобаны қаржыландырды. Яғни, ғалымдар халықаралық гранттар ала бастады – бұл Білім және ғылым министрлігінің негізгі нәтижесі», - деп қорытындылады А. Амрин.

 

Қайрат Жандыбаев





Яндекс.Метрика