Рухани жаңғыру

100 оқулық латын әліпбиінде басылып шыға ма

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша кітаптарды аударудағы қиындықтар, сонымен қатар, қазақ әліпбиінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты аталмыш оқулықтар қай тілде басылып шығарылуы керек, бұл туралы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Ұлттық академиялық кітапханада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтып берді.
Нұр-Сұлтан 20 Қазан, 13:41

«Сарапшылардың айтуынша, әліпбидің жаңа нұсқасын талқылай отырып, бұл оқулықтарды басып шығару дұрыс емес. Әзірге, талқылау өтіп жатқан кезде, біздің міндетіміз аударманы аяқтау. Қалай әліпби бойынша нақты шешім қабылданады, соған қарай бізде бейімдейтін боламыз», - деп баса айтты Рауан Кенжеханұлы.  

Бұдан басқа, Ұлттық бюроның атқарушы директоры жобаға  қатысты қиындықтарға тоқталды.   

«Аударма – үлкен тақырып, өзіндік қиындықтықтары бар, себебі ол терминология мәселелерін қамтиды.  Конференция аясында біз көптеген пікірлер естідік, енді олардың барлығы жұмыс барысында ескерілетін болады. Оңай дүние жоқ. Біріншіден, кітап шығарумен айналысатын ірі және жаһандық баспалармен жұмыс жүргізілуде. Олар білім беру оқулықтары. Осы оқулықтарды алу құқығына ие болуға байланысты келіссөздерден бастап, оның мұқабасы, дизайнын ойластыру – бұл өте қиын процесс. Алайда ең қиыны – аударма, себебі бұл ғылыми аударма», - деді Р. Кенжеханұлы.

Бүгінгі таңда аталмыш оқулықтар қанша тиражбен шығатыны мәлім болды.

«Әрбір оқулық   10 мың данамен шығарылып, ЖОО-ларға тегін таратылатын болады, сондай-ақ, оқулықтардың электрондық нұсқасы  сайтта жарияланады. Мәтіндер ғылыми сараптама мен әдеби редакторлықтан өтуі керек», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Ол айтып өткендей, 800-900 беттен тұратын бір ғана оқулық   бойынша  жиырма адам жұмыс істейді.

Р.Кенжеханұлы аталмыш  оқулықтардың  бюджеті туралы айтып өтті.

«Әрбір оқулықтың бағасы әртүрлі, себебі олардың көлемі мен мазмұны бірдей емес.  Тек құқыққа ие болу тегіннен  50 мың долларға дейін есептеледі. Аудармаға келетін болсақ, ол аудармашылардың біліктілігі мен мәтінге байланысты. Төленетін қаламақының құны да әртүрлі. Қазір  жұмыс аяқталған жоқ, орындалу үстінде, сондықтан да нақты сандарды жариялауға әлі ерте. Біз есеп беретін боламыз», - деді спикер.

Айта кетейік, Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығыметов  қазақ тіліне  20 оқулық аударылғанын айтты. Келесі жылы жоспар бойынша  20-30 кітап аудару жоспарланып отыр.

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика