Инновациялар

Ақтөбе облысы ЭКСПО-2017 көрмесінің 20 технологиясын енгізеді

Мемлекет басшысы қойған басты міндет – Қазақстанға жаңа технологиялар мен инновацияларды тарту және енгізу, деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбеде 500-ден аса адам қатысып жатқан «АKTOBE INVEST-2017» бесінші халықаралық инвестициялық форумында.
Ақтөбе 16 Қазан, 09:56

«Бұл пленарлық отырыстың тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Биылғы жылы Қазақстанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бұрынғы кеңестік кеңістік бойынша алғаш рет «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтті. Мемлекет басшысы қойған басты міндет – Қазақстанға жаңа технологиялар мен инновацияларды тарту және енгізу. Экологиялық проблемаларды шешуге, дәстүрлі емес энергия көздерін дамытуға бағытталған жобаларға ерекше көңіл бөлінеді. Көрмені 140 мыңға жуық ақтөбелік тамашалады, олардың ішінде озық технологияларды өз өндірістеріне енгізу мүмкіндігін зерттеген 20 мыңнан астам кәсіпкер бар. Олар заманауи әлемдік стандарттарға сай 20 технологияны таңдады және қазір біз соларды облысымызда жүзеге асыруға байланысты жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы жобалар бойынша инвестицияның жалпы сомасы 128 млн. долларды құрайды», - деп хабардар еткен Бердібек Сапарбаев пленарлық мәжіліс қатысушыларына іске асырылатын кейбір жобаларды қысқаша таныстырды.

Ақтөбе облысында «жасыл технологияларды» дамыту үшін жалпы сомасы 300 млн. астам АҚШ долларын құрайтын төрт жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда,олар - бірінші кезекте 300 МВт-қа дейін ұлғаю мүмкіндігі бар қуаты 100 МВт болатын «Кимперсай Энержи» ЖШС  жел электростанциясын, Қарғалы су қоймасындағы қуаттылығы 500 кВт-тық шағын су электр станциясын, Мәртөк ауданындағы қуаттылығы 450 кВ жел энергетика қорлары қондырғыларын салу және «Юнайтед Энерджи Актобе» ЖШС-нің жел генераторларын өндіру.

Аталмыш технологияларды қолдану өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып, энергия тұтынудың тиімділігін, еңбек өнімділігін  10-15% арттыруға және энергия тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігі хабарлағандай, халықаралық көрме ақтөбелік жоғары оқу орындарының оқу процесстеріне де жаңа технологияларды енгізуге, ал денсаулық сақтау саласына құрылған «Ақтөбе медикал орталығы» медициналық кластерін  әрі қарай дамытуға көмектесті. Мәселен, мемлекеттік-жеке серіктестік аясында денсаулық сақтау саласында құны 48 млн доллар болатын 37 жоба жүзеге асырылып жатыр және барлық нысандарда инновациялық зерттемелер мен неміс, оңтүстік корея, австрия, түрік өндірушілерінің, соның ішінде «ЭКСПО»-да көрсетілген  құрал-жабдықтар пайдаланылатын болады.

«Елбасымыздың бастамасымен сәтті өткізілген «ЭКСПО-2017» көрмесі тек мықты, инновациялық Қазақстанның ғана іргетасын нығайтып қана қойған жоқ, сонымен қатар, өңірлер үшін жаңа технологияларды енгізуде үлкен мүмкіндіктерге жол ашты»,-деп атап өтті облыс әкімі.

Отырыс кезінде жалпы, Ақтөбе облысының өңір экономикасына отандық және шетелдік инвестицияның ағылуын ынталандыру үшін жақсы имиджге және зор әлеуетке ие екендігі айтылды.

Бұған облыстың бизнесті жеңіл жүргізу жағынан Дүниежүзілік банк рейтингінінің көш басында тұрғандығы, сонымен қатар  ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде инвестициялық жағдай 120%-дан жоғары болғандығын, ал шетелдік инвестиция  1,8 есе өскенін көрсететін сандар дәлел.

Облыста инвестициялық жағдайды жақсарту үшін барлық шаралар жасалып жатыр. Осы мақсатта бірнеше жыл бұрын индустриалық аймақ ашылған болатын. Ол қазіргі таңда 50% толықты. Мұнда тоғыз жоба, соның ішінде шетелдіктердің қатысуымен, жалпы инвестиция көлемі 35 миллион долларды құрайтын жобалар  жүзеге асырылуда.

«Біз өз тарапымыздан ынтымақтастық жасауға әрқашан дайынбыз»,-деп түйіндеді сөзін Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, инвестициялық форумның қорытындысы бойынша құны 200 млрд-тан асатын 11 меморандумға қол қою жоспарланған. 

 





Яндекс.Метрика