Экономика

2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары халықтың белсенділігін арттыруға бағытталған

Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі Мадина Әбілқасымова бейсенбі күні Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша өткен кеңеске қатысты, деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 13 Қазан, 11:57

 Бұл іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, өңірлердің бизнес өкілдері, зиялы қауым, сараптамалық қоғамдастықтар, бейінді ҮЕҰ қатысты.

Мадина Әбілқасымова 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар ЭЫДҰ елдері деңгейінде адамдардың өмір сүру деңгейін көтеретін экономиканың сапалы және тұрақты өсуіне бағытталғанын атап өтті. Бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге назар аударылады. 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда қоршаған ортаға теріс әсерді төмендетуге аса назар аударылады.

«Бұл жоспар үкімет үкімет үшін жасаған жоқ. Онда жеке бизнестің, компаниялардың, кәсіпкерлердің, халықтың белсенді рөлі көзделетін міндеттер мен бастамалар көрсетілген. Тек мемлекет, бизнес пен азаматтардың әріптестігімен бәсекеге қабілетті болашақ елді құруға болатынын»- атап айтты өз сөзінде вице-министр.

2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар елдің экономикалық және әлеуметтік өмірінде болатын  жеті маңызды жүйелі реформаның  төңірегінде әзірленді.

Мәселен, «Технологиялық жаңару және цифрлау» салаларды технологиялық жаңарту мен цифрландыру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған. «Жаңа экономикаға арналған дағдылар мен құзыреттер» реформасы шеңберінде кадрларды даярлау сапасын арттыру арқылы экономиканың ағымдағы және болашақтағы қажеттіліктерін қамтамасыз ету, салалар мен аймақтар арасында еңбек ресурстарын тиімді бөлу процестерін басқаруға және білім беру жүйесін өмір бойы оқытуға қайта бағыттау көзделген. «Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес» жеке бизнес пен кәсіпкерліктің өсуі, экономикадағы мемлекет рөлінің қысқаруы, өнім сапасын және кәсіпорындардың операциялық тиімділігін арттыру, сондай-ақ экспорттық әлеуетін дамыту үшін  жағдай жасау есебінен  жеке секторды  жандандыруды көздейді.

Мемлекеттік меншік үлесінің деңгейін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне- ЖІӨ-ден 15%-ға дейін қысқарту үшін жекешелендіру бағдарламасына көзқарас қайта қаралатын болады, сонымен қатар  рәсімдер жеңілдетіледі, компанияларды таңдау үшін айқын қағидаттар қойылады және бәсекелі ортаға берілетін активтердің ықтимал тәсілдері кеңейтіледі.  Жеке бизнесті МЖӘ құралдарын пайдалануға тарту мақсатында МЖӘ рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ құрал-саймандарды кеңейту және жеке инвестицияларды пайдалану жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

 «Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет» реформасы шеңберінде заңның сақталуына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және мемлекеттегі құқықтық мәдениетті қалыптастыруға жағдай жасау.

 «Қуатты өңірлер мен урбандалу» реформасы өңірлердің қарастырылып отырған дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға және барлық өңірлерде халық үшін негізгі өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Өңірлерді дамытуға маңызды ынталандыру - бұл, олардың арасында бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлердің рейтингісі негізінде олардың арасындағы бәсекелестік.

 Мадина Әбілқасымова Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен хаб- қалаларындағы экономикалық орталықтармен бірыңғай экономикалық нарықты құру, мүмкіндіктерді іздестіру және ресурстарды оңтайландыру бойынша аймақаралық ынтымақтастықты нығайту керек, бірақ керісінше, аймақтардың оқшаулануына себеп болмауы тиіс екендігін атап өтті. Елдің экономикалық даму орталықтары ретінде орташа қалаларды дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Осы мақсатта орташа қалаларда әлеуметтік инфрақұрылым мен қызметтерді дамыту, өмір сүру сапасын жақсарту және жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеке кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасау бойынша шаралар қабылданатын болады.

 «Қоғамдық сана-сезімді жаңғырту» реформасында болашақ пен болашаққа жауапты, бәсекеге қабілетті, прагматикалық адамдардың біріккен Ұлт қалыптастыру мәселесі қарастырылуда. Бұдан басқа, «Мемлекеттік сектордың өзгеріс көшбасшысы ретінде» реформасы шеңберінде елдегі өзгерістер көзі ретінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың және ұйымдардың рөлін арттыру мәселесі қарастырылуда.

Сонымен қатар 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыратын 7 басым бағытты қамтиды. Бұл 2050 жылғы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет қазір іске асырып жатқан және іске асыратын саясаттар. Оларға: ынталанған макроэкономикалық саясат; экономикалық салаларды қарқынды дамытуға бағытталған саясат; дамыған қаржы нарығын қалыптастыру саясаты; жеке инвестицияларды белсенді тарту саясаты; жоғарғы өмір сүру сапасын қамтамасыз ету саясаты; жасыл экономика және қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясат; белсенді сыртқы экономикалық саясат жатады.

Жоғарыда аталған реформаларды жүзеге асыру нәтижесінде экономиканың өсуі жылына орташа есеппен ЖІӨ 4,5-5,0% деңгейінде болуы тиіс, бұл 2025 жылы Қазақстанға жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейін 20,5 мың долларға дейін көтеруге мүмкіндік береді. Жеке сектордың экономикалық белсенділігі едәуір өседі және ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 35% -ға дейін артады- деді вице-министр. 

Ол Стратегиялық жоспарды жүзеге асыру елге 2050 жылдың пайымын жүзеге асыруға және әлемдегі ең дамыған отыз елдің лигасына кіруіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

 

 

 

 





Яндекс.Метрика