Адами капитал

Біздің халықаралық деңгейдегі жобаларды іске асыруда мүмкіндігіміз жеткілікті – Н. Ермекбаев

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жастар саясатын жүзеге асырумен айналысатын ведомство басшыларының Халықаралық министрлік кездесуіне қатысты. Мәскеу қаласында өткен кездесу әлемнің 70-тен аса елінің өкілдерінің басын қосты.
Астана қаласы 12 Қазан, 19:13

ҚР ДІАҚМ хабарлауынша, аталған кездесудің мақсаты – жастар алдында тұрған қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру бойынша ведомстволардың бірескен іс-әрекетін үйлестіру болып табылады.

Министр жастар арасындағы алдын-алу жұмыстарын жүргізуге баса назар аударды.

«Жастарға бұқаралық мәдениет және Интернет күшті ықпал етеді. Бүгінгі күні түрлі радикалды ұйымдардың 80%-ын 30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Осыған орай, елімізде және жалпы халықаралық жастар ынтымақтастық жүйесінде жастарды бағыттауға және ынталандыруға арналған құндылықтарды қалыптастырудың тиімді жүйесі болғаны маңызды», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Министр отбасылық тәрбие жүйесін нығайту бойынша әлеуметтік жобаларды дамыту мүмкіндігіне назар аудартты.

«Біздің халықаралық деңгейдегі жобаларды іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымымыз бар және барлықтарыңызды жастар саясаты саласындағы ҮЕҰ ресурстарын тартумен ынтымақтастыққа шақырамыз. Бүгін біздің елдеріміз ШЫҰ жастар кеңесі, Түркі кеңесі және ТМД елдері кеңесінің аясында өзара қарым-қатынас жасайды. Осы алаңдарға әр қатысушы мемлекет шығындарын өздері өтейді. Сонымен бірге, біздің оператордың негізінде қаржыландыру жүйесін және аталған алаңдар іс-шараларын үйлестіруді орталықтандыруға болады», - деп өз пікірін білдірді министр Н. Ермекбаев.

Бұдан басқа, Нұрлан Ермекбаев іс-шараға әлі қатыспайтын елдер министрлерінің арасында барлық аталған алаңдардың жұмыс жоспарларын таратуды ұсынды. Осылайша, алынған ұсыныстар халықаралық қауіпсіздік мәселелерін тиімді шешуге көмектесетініне сенім білдірді. Сонымен қатар,  министр түрлі өзекті сұрақтар бойынша тұрақты онлайн-кеңестер ұйымдастыру арқылы бірлескен жұмыстың форматын жетілдіруді ұсынды.

Еске сала кетейік, Халықаралық Министрлік кездесу 15 қазан күні Сочи қаласында басталатын XIX Бүкіләлемдік жастар мен студенттердің фестивалі қарсаңында өтіп отыр. 





Яндекс.Метрика