Парламент

Сенаторлар Жоғарғы Сот судьяларын сайлады және бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды. Палата Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары лауазымына Мемлекет Басшысымен ұсынылған Гүлмира Жүсіпбекова мен Асқаржан Кенжеғаринді сайлады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 12 Қазан, 14:58

Сенаторлар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. 2017 жылғы 23 наурызда Астанада қол қойылған құжат «Целинный» және «Сырдария» автомобиль өткізу бекеттерін ашуды, «Қазығұрт», «Қапланбек», «Атамекен» автомобиль өткізу бекеттерінің мәртебесін «екіжақтыдан» «көпжақтыға» өзгертуді және теміржолдағы өткізу бекетін Бейнеу станциясынан Оазис станциясына ауыстыруды көздейді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім ратификацияланды. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Норвегия арасындағы автомобиль қатынастарын жүзеге асырудың құқықтық негіздерін жасауға мүмкіндік береді, сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал етеді. Қару саудасы туралы шарт ратификацияланды.

2013 жылғы 2 сәуірде Нью-Йоркте жасалған Шарт мынадай санаттар шеңберіндегі кәдімгі қару-жарақтың барлық түрлеріне қолданылады: жауынгерлік танктер, жауынгерлік брондалған машиналар, үлкен калибрлі артиллериялық жүйелер, жауынгерлік ұшақтар, жауынгерлік тікұшақтар, әскери кемелер, зымырандар мен зымырандық ұшыру қондырғылары, атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ. Осы Шарттың ережелерін жүзеге асыру үшін әрбір қатысушы мемлекет ұлттық бақылау тізімін қоса алғанда, ұлттық бақылау жүйесін құрады және пайдаланады, сондай-ақ осы Шартқа қатысты мәселелер бойынша ақпарат алмасу үшін ұлттық байланыс орталығын тағайындайды.

Шарттың қатысушы мемлекеттері кәдімгі қару-жарақтың экспортын немесе экспорты бойынша нақты операцияларды жүзеге асыруға рұқсаттар беруді ұлттық есепке алуды жүргізеді және кәдімгі қару-жарақтың рұқсат етілген немесе нақты экспорты мен импорты туралы ақпаратты қамтитын алдыңғы жыл бойынша баяндаманы жыл сайын ұсынады. Шартта кәдімгі қару-жарақты, оқ-дәрілер және зақымдау құралдарын, бөлшектері мен компоненттерін беруге тыйым салу жағдайлары да жазылады.

Осы Шартты ратификациялау кәдімгі қару-жарақтың халықаралық саудасына бақылауды белгілеу және күшейту арқылы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ олардың заңсыз қайта бағытталуының және заңсыз айналымының жолын кесуге ықпал ететін болады.

Палата «Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму банкіне, Халықаралық Қаржы корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігіне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөніндегі Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкіне, Азия Даму Банкіне, Ислам Даму Банкіне мүшелігі туралы» заңға өзгерістерді қабылдады. Енгізілетін ережелер Қазақстанның жаңа халықаралық ұйымға – Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіге (АИИБ) мүшелігіне құқықтық шарттарын реттейді. Біздің еліміз Банкінің аймақтағы толыққанды мүшесі болып табылады.

2015 жылғы 29 маусымда Бейжіңде 57 құрылтайшы елдер өкілдері қол қойған АИИБ-ны құру туралы Келісімнің баптары Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 қаңтардағы заңымен ратификацияланды. Заң АИИБ-мен қатынастарға өкілетті мемлекеттік органдарды айқындайды. Атап айтқанда, байланыс арнасы ретінде Үкімет (ұлттық экономика министрлігі) белгілеген тиісті ресми орган анықталды, барлық қаржы операциялары мен мәмілелерді жүзеге асыру үшін – қаржы министрлігі; ұлттық валютадағы барлық қаржының және АИИБ-нің басқа да активтерінің депозитарийі ретінде Ұлттық банкі белгіленді.

Одан басқа, құжат Қазақстан Республикасы АИИБ-ге мүшелікке байланысты өзара қаржы-қаражат қатынастарды қаржы министрлігі мен Ұлттық банкі арқылы реттейді. АИИБ-нің негізгі мақсаттары аймақ экономикасының тұрақты дамуына жәрдемдесу және өзара байланысты инфрақұрылымды нығайту, инфрақұрылымдарға және экономика секторына басқа да өндірістік инвестиция әкелу арқылы Азия елдерінің экономикалық және әлеуметтік өркендеуін ынталандыру болып табылады. Энергетика, көлік және телекоммуникация салаларындағы жобаларды қаржыландыру Банкі қызметінің басым бағыты болуы тиіс.

АИИБ капиталындағы Қазақстан үлесі (қол қойылған капитал) 729,3 миллион АҚШ долларын (0,7930 пайызы), ортақ үлестің 10 387 дауысын (0,9612 пайызы) құрайды. Төленген капитал 145,9 миллион долларды құрайды, ол бес жыл бойы (2016-2020 жылдарда) жыл сайынғы 29,180 миллион доллар көлемінде мүшелік жарна төлеуді талап етеді. Сәрсенбай Еңсегенов бір топ сенаторлар атынан Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, онда еліміздегі жанар май нарығындағы жыл сайын қалыптасып отырған жағдай қоғамда үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отырғанын жеткізді. «Мұнайлы мемлекет бола тұра өз нарығымызды қажетті мөлшерде қаматамасыз ете алмауымыздың себебі көпшілікке түсініксіз болып отыр. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға қарастырылып жатқан қаржы көлемі аз емес.

Бірақ осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігі төмен. Жаңғырту жұмыстары әр түрлі себептермен жылдан-жылға ұзартылуда, оның нақты қай мезгілде аяқталатыны да белгісіз болып тұр» делінеді депутаттық сауалда. Депутаттар сондай-ақ жанар май өндіру және оны импорттауға байланысты жүйелі кемшіліктер экономиканың өзге салаларына да зиянын тигізетіні, жанар май дағдарысы тауарлардың, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қымбаттауына себеп болатыны туралы да ескертті. Жанармай нарығындағы қалыптасқан жағдай мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік бағыттағы болжамды көрсеткіштеріне қол жеткізуіне де кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтқан депутаттар Үкімет Басшысына: «Жанармай тапшылығын жоюға байланысты мемлекеттік деңгейде жүйелі негіздегі шешімдер неге қарастырылмайды?

Елбасының жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі тапсырмасының осы уақытқа дейін орындалмау себебі неде?» деген сауал жолдап, ел тұрғындарын жанармай өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан қолға алынған шаралар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат беру туралы мәселе қойды.

Сондай ақ, отырыс барысында сенаторлар: Сарсенбай Еңсегеновтің еліміздегі жанармай жетіспеушілігі мәселесі жөніндегі және Атырау облысындағы Қигаш өзенінің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы, Талғат Мұсабаевтың елдегі ұшу қауіпсіздігінің қолайлы деңгейін қамтамасыз ету туралы; Дүйсенғазы Мусиннің «шекаралық аудандар» терминінің мәртебесін заңнамалық анықтау және ауыл шаруашылығы субъектілерін субсидиялау, сондай-ақ шекаралық аудандарда шағын және орта бизнес үшін салық жеңілдіктерін және ынталандыру нормаларын дамыту қажеттілігі туралы; Серік Жақсыбековтің мемлекеттік органдармен Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі Халықаралық одаққа еліміздің енуі туралы және Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қосылу туралы депутаттық сауалдары жария етілді.

 

 

 





Яндекс.Метрика