Рухани жаңғыру

К.Мұсырман: Латыншаға көшу – тарихи таңдау

Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру - бұл тарихи таңдау. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман хабарлады.
Астана қаласы 12 Қазан, 11:34

«Өз басым Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Алматыдан бұрынғы Ақмолаға – бүгінгі Астанаға көшіргендігін азаматтық ерлікке пара-пар, еліміздің ішкі саясатындағы кемеңгерлік шешімі деп білемін. Тұңғыш Президентіміздің одан кейінгі тіл тағдыры мен ел тағдыры үшін аса маңызды бастамасы қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру болғалы тұр. Бұл да тарихи таңдау», - деді сөз басында Кәрібай Мұсырман.

Осы ретте, спикердің пайымынша Қазақстанның латын әліпбиіне көшуде көштен қалып қоюының еш қисыны жоқ.

 «Түбі бір түркі жұрты, атап айтқанда Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан әлемдік өркениет биігіне жетудің бір жолы ретінде латын әліпбиіне көшкен қазіргі заманда Қазақстанның да көштен қалып қоюының еш қисыны жоқ. Латыншаға көшу ана тіліміздің одан әрі дамуына және өрісі кеңеюіне қолайлы мүмкіндік берері, сондай-ақ қазіргі ақпараттық технологиялар заманының талабына барынша сай келетіндіктен, еліміздің әлемнің ең мықты отыз мемлекетінің қатарына қосылуына да көмегін тигізері анық», - деді  депутат.

Сонымен қатар, халық қалаулысы латын қаріпіне көшу жан-жақты ойластырылып, кезең кезеңімен жүзеге асырылуы керек екендігін тілге тиек етті, деп жазады ruh.kz.

«Әрине, қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиіне көшу ісін жан-жақты ойластырып, кезең-кезеңімен, жүйелі де кешенді түрде атқаруымыз қажет. Осы тақырыпта 11 қыркүйекте өткен парламенттік тыңдау жалпыхалықтық талқылаудың басы болды. Онда таныстырылған әліпби нұсқасы көпшіліктің сын пікірлерін ескере отырып, жетілдірілу үстінде. Елбасыға жуырда таныстырылған екінші нұсқа бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дұрысырақ сияқты. Әрине, «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, жаңа әліпби авторлары бұл нұсқа жайлы айтылып жатқан сыни ескертпелерді де ескеріп, оны одан әрі жетілдіре түссе, нұр үстіне нұр», - деп түйіндеді Кәрібай Мұсырман.

Мөлдір Асқарқызы 





Яндекс.Метрика