Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы әлеуетке ие – сарапшы

Эксклюзив
Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-экономикалық қарым-қатынасы туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері Балтабай Сыздықов «Strategy2050.kz» АА берген сұхбатында айтып өтті.
Астана қаласы11 Қазан , 16:58

«Қазақ-қырғыз  сауда-инвестициялық қарым-қатынасы  екі елдің тәуелсіздік жылдары  оңтайлы дамыды. International trade center  ұйымының мәліметінше,  Қазақстан Қырғызстан үшін  негізгі  сыртқы сауда серіктесі болып табылады. Ол экспорттан Швейцариядан кейін 2-ші орынды, импорт бойынша Ресейден кейін үшінші орында тұр. Сыртқы сауда айналымы  соңғы екі жылда 1 млрд теңгеден аспай тұрса да, оны өсірудің әлеуеті жоғары. Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық  одаққа енуі  көршілес елдердің  сыртқы саудасын белсенділетуге мүмкіндік береді», - деді Б.Сыздықов.

ҰЭМ  Статистика комитетінің соңғы мәліметтері  бойынша, 2017 жылдың жарты жылдығында елдер арасындағы тауар айналым 28 пайыздан 399 млн долларға артты. Қырғызстан Қазақстанға азық-түлік, ауыл шаруашылығы мен электр энергиясын, көлік бөлшектерін жеткізеді. Қазақстан астық, энергия ресурстары мен қара және түрлі түсті металдарды жеткізеді.

«Сауда операциялары бірлескен инвестициялаумен сүйемелденуі керек. 2016 жылдың соңында Ұлттық банктің мәліметі бойынша,  соңғы  10 жылда Қазақстаннан Қырғызстанға бағытталған тікелей инвестиция көлемі 1 млрд долларды құрады», - деді Б.Сыздықов.

Ол айтып өткендей, екі елдің сауда-инвестициялық ынтымақтастығы бірлескен компаниялардың өсіміне әсер етті. Қазіргі таңда Қазақстанда қырғыз капиталының қатысуымен  200 бірлескен кәсіпорын тіркелді.

«Кәсіпорындардың басым бөлігі көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, автомобиль сату, ірі қара мал өсіру, астық өсіру, қолөнерлікпен   айналысады. Қырғызстанда қазақ капиталының  қатысуымен 300 бірлескен кәсіпорын тіркелген»,- деді ол.

Сондай-ақ, сарапшы атап өткендей, қарым-қатынасты дамыту мемлекет деңгейінде ғана емес, өңірлік деңгейде де жүргізіледі.

«Өңіраралық ынтымақтастық екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Қырғызстан мен Қазақтанның  4 облысы арасында байланыс орнатылып, келісімдерге қол қойылған.  Бұлар, Ыстық көл және Алматы облысы, Ош және Қарағанды облысы, Жамбыл және Талас облысы, Шу және Оңтүстік Қазақстан облысы, сонымен қатар Астана мен Бішкек те бар», - деді Б.Сыздықов.

Ол қорытындылай келе Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы  ұзақмерзімді  өзара тиімді серіктестік болып табылатындығын атап өтті.

 

Қайрат Жандыбаев




Яндекс.Метрика