Энергетика

Астанадағы NCA-дің министрлер деңгейіндегі 18-ші кеңесіне 12 елдің өкілі қатысты

Астанада Азиядағы Ядролық кооперация форумының (FNCA) министрлер деңгейіндегі 18-ші кеңесі өтті, деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 11 Қазан, 16:36

12 елдің министрлері мен ірі лауазымды тұлғаларының қатысуымен өткен 18-ші кеңесте «Қоршаған ортаны қорғау үшін ядролық ғылым мен технологияларды қолдану» тақырыбы қарастырылды.

Кеңестің ұйымдастырушылары Қазақстан тарапынан Энергетика министрлігі, ал жапондық тараптан Жапонияның атом энергиясы жөніндегі комиссиясы (JAEC) және Жапония министрлер кабинетінің хатшылығы (CAO) болып табылады. Биылғы жылы FNCA-дің министрлер деңгейіндегі 18-ші кеңесінің қабылдаушы тарабы Қазақстан Республикасы болып табылады.

2000 жылы Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі комиссиясының бастамасымен Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі мемлекеттер арасындағы ядролық және радиациялық технологиялар саласындағы тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында Азиядағы Ядролық кооперация форумы (Forum for Nuclear Cooperation in Asia, FNCA) құрылды.

Форум Азия елдерінің жетекші мамандарының жыл сайынғы конференциясының шешімімен құрылды, оның негізгі міндеті – ядролық технологияларды және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану.

Қазіргі уақытта Форумға 12 ел қатысады: Австралия, Бангладеш, Вьетнам, Индонезия, Қазақстан, Қытай, Корея, Малайзия, Монғолия, Таиланд, Филиппин және Жапония.

Қазақстан Республикасы 2010 жылдан бастап FNCA-дің толық құқықты мүшесі болды және Форумның жұмысына белсене қатысады. Бүгінде FNCA-ге қатысушы елдердің ынтымақтастығы 8 бағыт бойынша жүргізіледі. Олар: радиациялық онкология, мутациялық селекция, радиациялық қауіпсіздік және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, физикалық ядролық қауіпсіздік және кепілдемелер, зерттеу реакторларын қолдану, биотыңайтқыштар, электрондар үдеткіштерін қолдану,  климаттың жаһандық өзгеруін зерттеу.

Форумның қызметіне қатысу Қазақстанда ядролық медицина саласындағы жаңа әдістерді және ауыл шаруашылығына арналған жаңа материалдар өндірісін ілгерілетуге септігін тигізеді, радиациялық қауіпсіздік және РАҚ-пен жұмыс істеу саласындағы біздің тәсілдерді жаңаша бағалауға мүмкіндік береді, зерттеу реакторларын және электрондық үдеткіштерді пайдалану саласындағы білімімізді кеңейтеді және ядролық физикалық қауіпсіздік пен таратпау саласындағы дұрыс жолды таңдаудағы сенімділігімізді нығайтады.  

Форум жұмысы қатысушы елдердің өзара іс-қимылының 3 деңгейлі жүйесін қамтиды:  министрлердің қатысуымен өтетін үкіметтік деңгейдегі жыл сайынғы кеңес;үйлестірушілер мен ірі лауазымды тұлғалардың жыл сайынғы кеңесі;бірлескен жобалар көшбасшыларының семинарлары, онда бұл жобаларды іске асыру мәселелері талқыланады.





Яндекс.Метрика