Рухани жаңғыру

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы прогрессивті - Павел Казанцев

Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы 32 әріп және апострофтан тұрады. Мен бұған дейінгі нұсқаға қарағанда осы нұсқаға прогрессивті деген баға берер едім, деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Ruh.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында.
Астана қаласы11 Қазан , 09:38

 «Мәжілістің талқысына ұсынылған алғашқы латын әліпбиі 25 әріптен және 8 диграфтан тұрды. Осы диграфтар тұрғысында түрлі пікірлер айтылып, көпшілік қабылдай алмады десек болады. Алайда, күні кеше ғана арнайы жұмыс тобының Мемлекет басшысының назарына ұсынған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы алдыңғысына қарағанда ыңғайлы, әрі 32 әріп және апострофтан тұрады. Мен бұған дейінгі нұсқаға қарағанда осы нұсқаға  прогресивті деген баға берер едім», - деді сөз басында Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Спикердің айтуынша, жаңа нұсқаға тек әдістемелік өзгерістер ғана енгізіліп, қабылдануы мүмкін.

«Баса айтқым келетіні, жаңа нұсқаға тек әдістемелік өзгерістер ғана енгізіліп, қабылдануы мүмкін. Себебі, оны жасақтау барысында халықтан көптеп түскен ұсыныстар мен пікірлер басты назарға алынды. Сонымен, бұл нұсқа ыңғайлы және компьютер клавиатурасына бейімделген», - деді депутат.

Ruh.kz  хабарлағандай, халық қалаулысының пайымынша, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіруде еш қиындықтар тумайды.

«Менің ойымша мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіруде соншалықты қиындықтар тумайды. Себебі, бүгіннің өзінде біз латын графикасын күнделікті тұрмыста пайдаланамыз. Түрлі гаджеттер, өзге де жаңа технологияларды пайдалануда латын графикасы қолданылады. Оның үстіне латын әліпбиі біздің жұмысымызды азайтады. Мәселен, шет мемлекеттен әкелінген тауардың жазбасы латын графикасында, яғни біз оны өзімізге тіркейміз, сосын оны кириллицаға аударамыз. Ал, латын қаріпіне көшсек, бұл жұмысты екі рет жасамаймыз. Жалпы, араб әріптерімен жазатын Түркияның өзі латын графикасына еш қиналмай өткенде, Қазақстанда қиындықтар туа қоймайды деп кесіп айта аламын», - деп түйіндеді  Павел Казанцев.

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика